Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Ресейді Сирияға әуе шабуылы кезінде 600 бейбіт тұрғынды өлтірді деп айыптады. Бұл туралы ол дүйсенбі күні Anadolu агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Жексенбі, 20 желтоқсанда ресейлік ұшақтармен жасалған әуе шабуылы туралы пікір білдіре келе ол Сирияның Идлиб қаласында 200 бейбіт тұрғын қаза тауып, ғимараттар қиратылғанын мәлімдеді.
"Біз бұл әуе соққыларын қатаң түрде айыптаймыз. Ресей авиациясының әуе соққылары салдарынан Сирияда шамамен 600 бейбіт тұрғын қаза тапты. Кейбір ұйымдардың мәліметінше, қаза тапқандардың саны 800-ге жеткен. Қаза тапқандардың ішінде 150 бала бар екенін әлем білгенін қалаймыз", - деді Түркия министрі, дегенмен ол ешқандай дәлел келтіре алмады.
Чавушоглудың айтуынша, операция басталғаннан бері Ресей ұшақтары Сирияға 4000 рет соққы жасаған. Түркия министрі Ресейдің 90 пайыз жағдайда ДАИШ содырларына емес, Башар Асадқа қарсы оппозицияға соққы жасайтынын айтты.
Чавушоглу Ресей тарапынан жасалатын шабуылдардың ДАИШ ұйымына күш беретінін алға тартты. Оның айтуынша, Мәскеу Сирияның толықтай Асадтың бақылауына өтуін қалайды.
Түркия сыртқы істер министрінің айтуынша, Мәскеу шынайылық танытып отырған жоқ, мәселені бейбіт түрде шешуге келісіп, оппозиция өкілдеріне соққы жасап жатыр. Чавушоглу Түркияның "сириялық бауырларын" қолдайтынын айтты.
Ресейлік тарап Түркия СІМ-нің айыптауына қатысты ешқандай түсінік бермеді.
Бұған дейін сириялық оппозицияның өкілдері, сонымен қатар батыс елдері - Түркия мен араб мемлекеттері Ресейдің бейбіт тұрғындарға шабуыл жасап жатқанын бірнеше рет хабарлаған болатын. РИА Новости мәліметінше, олардың ешқайсысы расталған жоқ.
Дереккөз: tengrinews.kz