Ресей қаржы министрлігі Киев Ресейге қарыз үш миллиард долларды төлей алмағанын мәлімдеді. Министрлік Украина "Ресей президентінің қарашада білдірген ұсыныстарына қатысты келіссөз жүргізуден гөрі дефолт болғанды жөн көргенін" айтады.
18 желтоқсанда Украина премьер-министрі Арсений Яценюк Ресейге қандай да бір қаржы төлеуге "мораторий" жариялаған. Ол Украинаның өз қарызын қашан төлей алатынын нақтылап айтпады. Қарызы үшін тиісті төлем жасамау Киевтің дефолтқа ұшырағанын білдіреді. Мәскеу бұған дейін егер уақытында төлем жасалмаса Киевпен соттасатынын мәлімдеген.
Еурооблигациялар мерзімі 20 желтоқсанда аяқталған. Бірақ Украинаның дефолтты ресми түрде мойындауына қосымша әлі 10 күн бар. Яценюк бұған қоса Украина ресейлік түрлі банктерге коммерциялық қарыз 507 миллион долларды қайтаруды тоқтататынын да хабарлады.
Дереккөз: Азаттық радиосы