Облыстық мәслихат сессиясында депутаттар 16 ірі елді мекендегі жердің базалық мөлшерлемесін өзгерту туралы облыстық әкімдіктің шешімін бекітті.
Өткен жылы ҚР Бас прокуроры Асхат ДАУЫЛБАЕВ Н.Назарбаевқа хат жолдап, онда Қазақстанның бүкіл өңіріндегі жердің кадастрлық және нарықтық құнының сәйкес келмейтіндігі туралы хабарлаған еді. Мәселен, Атырау облысында жердің нарықтық құны кадастрлық құннан 8,7 есеге жоғары. Елбасы жергілікті атқарушы органдарға реалиямен жердің мемлекеттік құнын сәйкестендіруге тапсырма берді.
Сессияда сөз сөйлеген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Арман БАЖЕНОВТЫҢ айтуынша, осы тапсырманы орындау үшін талдау жүргізіліп, нәтижесінде өткен жылы Атырау қаласында жердің базалық мөлшерлемесі екі есеге көбейтіліп, бір шаршы метр үшін 2240 теңгені құраған.
Бұрынғы ереже бойынша жердің базалық мөлшерлемесі облыстың елді мекендерінде мына формула бойынша анықталды: селоларда – Атыраудағы жердің базалық мөлшерлемесінің 10 пайызы, поселкелерде – 18 пайыз. Яғни ресми түрде «село» санатына кіретін Ганюшкин, Аққыстау, Махамбет, Алмалы, Бейбарыс, Береке, Сарайшық, Қосшағыл, Тұрғызба, Миялы, Сағыз елді мекендерінде – бір шаршы метр үшін 224 теңгені; ресми түрде «поселке» санатындағы Индербор, Мақат, Доссор, Жаңа Қаратон елді мекендерінде – бір шаршы метр үшін 403 теңгені; аудандық маңыздағы Құлсары қаласында – 75 пайызды немесе бір шаршы метр үшін 1680 теңгені құрады.
Аталмыш 16 елді мекендегі базалық мөлшерлемелерді нақтылау кезінде ҚР жер ресурстарын басқару агенттігі жасақтаған «Жер телімдерін жеке меншікке беру кезінде базалық мөлшерлемелерді белгілеу» әдістемесі қолданылды. Ол сату-сатып алу келісімшарттарына, БАҚ-тардағы хабарландырулар мен сатушыларға телефон арқылы жүргізілген сауалнамаларға талдау жасайды.
Нәтижесінде осы елді мекендегі базалық мөлшерлемелер нақтыланды (бір шаршы метр үшін теңгемен): Ганюшкино – 375, Аққыстау - 333, Махамбет - 394, Алмалы - 685, Бейбарыс - 340, Береке – 774, Сарайшық - 357, Қосшағыл - 286, Тұрғызба - 279, Миялы - 228, Сағыз - 232, Индербор - 507, Мақат - 408, Доссор - 511, Жаңа Қаратон – 432 теңге, Құлсары – 1467. Құлсары қаласынан басқа көптеген елді мекендерде жердің базалық мөлшерлемесі кейбірінде – аз-мұз ғана, ал Атырау қаласына жақын Береке секілді селоларда - үш еседен жоғарыға өскен.
А.Баженовтің айтуынша, жердің базалық мөлшерлемесінің көбеюі салынатын салыққа әсер етпейді, ол жерді бәссаудада сату кезінде қолданылады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ