Фото: ria.ruДағдарыс салдарынан Атыраудағы ірі мейрамханалардың барлығы дерлік жаңажылдық корпоративтерге сұраныстың төмендеп отырғанын айтады. Кейбір мейрамханалар баға көрсеткіштерін 20-25 пайызға көтерсе, кейбіреулер, керісінше нақты еңбек ұжымының бюджетіне қарай қолайлы баға көрсеткіштерін бекіткен. Ал енді бірі жаңа жыл түнінде жауып тастауды ұйғарыпты.
Мен сауал жүргізген рестораторлардың барлығы дерлік өз санаттары бойынша орташа және жоғары сегментке есептелген. Олардың тұрақты клиенттері – шағын және орта бизнес өкілдері, ірі шетелдік компаниялардың қызметкерлері, банкирлер, мемлекеттік қызметкерлер, мұнайшылар.
– Дағдарыс сезілуде, халық үнемдей бастаған. Мәселен, биыл кеш үшін бір апта бұрын тапсырыс бере аласыз. Алайда өткен жылы қарашаның аяғында бәрі толы болатын, - дейді «Баррель» мейрамханасының басқарушы директоры Қарлығаш САҒЫНБЕКОВА.
Өкінішке орай, менің респонденттерімнің барлығы дерлік ашық диалог жасамады, көпшілігі есімдерін, мекеме атауын көрсетпеуді өтінді. Қаланың сол жақ жағалауындағы танымал мейрамханалардың әкімшісі былай дейді:
– Кейбір компанияларда жаңажылдық кештердің бюджетін 40 пайызға қысқартқан, сондықтан бұрынғыға қарағанда қарапайымдау атап өтетін болады. Бізде кіру билеттері жоқ, тапсырыстар меню бойынша жасалады, минималды мөлшері 40 адам болады. Біз бағаны 25 пайызға көтердік, бірақ бағалары көтерілген азық-түліктер қолданылатын тағамдардың ғана. Жаңа жыл түнінің өзі мейрамхана үшін тиімсіз. Өнімдер мен ойын-сауық бағдарламалары үшін шығындар көп кетеді, ал кіріс азғантай. 31 желтоқсанда біз жұмыс жасамаймыз.
Бірақ екі-үш ірі шетелдік компаниялар бұрынғыша құлаштарын кеңге жайып атап өтеді. Олардың кейбірі үшін корпоративтер олардың арасында кең танымал қаланың оң жақ жағалауындағы орындарда өтеді. 300 адамға арналған мерекелік дастархан әдетте фуршет түрінде болады. Мерекелік бағдарламаға қосымша олар өз жүргізушілері мен әртістерді, атап айтқанда, Астана.кз КВН командасының жігіттеріне тапсырыс береді. Музыкалық топтардан Кешью мен JCA-ны шақырады.
Қаланың оң жақ жағалауындағы жастар көп баратын орынның басқарушы директоры былай дейді:
– Биыл бізде компаниядан корпоративтік кештерге берілетін тапсырыстар 40 пайызға дейін төмендеді. Негізінен мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері атап өтуден бас тартты. Ал кейбір компанияларда кештердің бюджеті төмендеді. Бізге нақты әрбір компанияның бюджетіне сай икемделуге тура келеді. Өткен жылы бізде адам басына 25 мың теңгеден болса, ал биыл кейбір компаниялар үшін 7-8 мың теңгеден болады. Бірақ бұл арнайы жаңажылдық бағдарламасыз, тек музыкамен болатын бағасы. Олардың көпшілігі тұрақты клиенттер, оларды жаңажылдық мерекесіз қалдырғымыз келмейді. 31-де жұмыс істейміз, бірақ онда көбіне жеке тапсырыстар болады. Алдымен отбасымен атап өтіп, әрі қарай мейрамханада отырғысы келетін жастар көп. Біз көп пайда түспесе де, олармен келісуге тырысамыз.
Мирас ЖӘРДЕМОВ, «Руккола» мейрамханасы, Евент Сити Холл (бұрынғы «Бейбарыс»):
– Дағдарыс, әрине, сезіледі. Біздің кейбір тұрақты клиенттердің корпоративтерін алып тастағанын білемін. Бірақ халық бұрынғыша тамақ ішуді жалғастыруда. Бізде клиентура орташадан жоғары. Клиенттеріміз шетелге шығады, халықаралық компанияларда жұмыс істейді. Сондықтан дағдарыс салдарынан олар мейрамханаларға баруды қойған деп айтпас едім. Биыл 24 желтоқсаннан бастап шоу-бағдарлама брондап қойдық. Біз үшін ең бастысы осы бағдарламаны ақтап алу. Тұрақты клиенттерге бейімделіп отырмыз. Баға көрсеткіш бұрынғыдай дерлік.
Қаланың орталық бөлігіндегі мейрамхана қожайыны:
– Дағдарыс әсер етіп тұр, бірақ үлкен бәсекелестік жүріп жатырғанын ұмытпау керек. Қалада адамдардан мейрамхана көп. Бізде бюджет қызметкерлері де, жеке фирмалар да, мұнай компанияларының қызметкерлері де көңіл көтереді. Өткен жылмен салыстырғанда корпоративтерге тапсырыс беру 20 пайызға төмендеді. Біз бағаны көтерген жоқпыз, керісінше, төмендеттік: егер өткен жылы адам басына 15 мың теңге болса, биыл 12 болды, ал ірі ұжымдар үшін 10 мыңға дейін болды. Осы нарықта 18 жыл болсақ та, 31 желтоқсанда осымен екінші жыл жұмыс жасамаймыз. Біріншіден, ұжымға да демалыс керек, екіншіден корпоратив болмаса, бұл тиімсіз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА