Атырау облыстық прокуратурасының №1 басқармасы облыстық экология департаментімен бірігіп өткізген тексерулер туралы баспасөз хабарламасын таратты. Тексеруге себеп – «Атырау қаласындағы атмосфералық ауаның жиі ластануына байланысты» деп көрсетілген.
Шикі мұнай мен мұнай өнімдерін сақтау, өңдеу және өткізуді жүзеге асыратын және заңнаманың қатаң сақталуына қамтамасыз етпейтін кәсіпорындар арасында «АМӨЗ», «КазРосИнпекс», «Ом Трейд Ойл» ЖШС-лері аталған.
Баспасөз хабарламасында, атап айтқанда: «Мұнай өңдеу өнімдері өкілетті органдармен мақұлданған жобалар бұзылып сақталады және тасымалданады; табиғат қорғау міндеттемелері орындалмайды (атмосфералық ауа сапасын бақылау, аумақты көгалдандыру, қоршаған ортаны қорғау саласында қызметкерлердің біліктілігін көтеру); өндірістік экологиялық бақылау бекітілген талаптар бұзылып жүргізіледі; мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткізілмеген өндірістік жабдықтар пайдаланылады» делінген.
Прокуратура ұйғарымымен облыстық экология департаменті табиғат қорғау заңнамасының бұзылуына жол берген кәсіпорындарды жалпы сомасы 5 млн теңге шамасында әкімшілік жауапкершілікке тартты, қоршаған ортаға тигізілген 11 млн теңгеден астам мөлшерде зиянды өндіріп алу шаралары алынуда. Сот шешімімен «КазРосИнпекс» ЖШС қызметі (теміржол цистерналарын буландыру) экологиялық рұқсат берілгенге дейін тоқтатылды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ