Атырау, 21 желтоқсан 23:58
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Амантай Торғаев: «Ұлттық құрама сапында ойыншыларымыз көп»

2 313 просмотра

Балалар баскетболының жаңалықтары туралы облыстың аға жаттықтырушысы Амантай ТОРҒАЕВ (суретте) әңгімелейді.

«АТЫРАУ БАРЫСТАРЫ» ҚОЛ АСТЫНА АЛДЫ

- Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап балалар баскетболының барлық бөлімдері «Атырау Барыстары» облыстық кәсіби командасы жанындағы Баскетбол академиясына қосылды. Осыдан кейін олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі біраз жақсарды. Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы Авангардтағы 1-ОРМБЖСМ ғимаратынан спорт залын бөлсе, «Атырау Барыстары» БК қаржысына спорт зал ішіне паркет төселіп, жаңа себет пен қалқан орнатылды. Біз еліміздің түкпір-түкпіріне жарыстарға барамыз, алайда ешбір жерде балалар баскетболына біздегідей жағдай жасалмайтынын көріп жүрміз.

Жаттықтырушылар «Атырау Барыстары» БК-дан барлық қажетті құрал-саймандарды – жаттығу және ойын доптарын, кедергілер, секіртпелер алды. Аталған спорт залда қазір әр түрлі жастағы облыс құрамасының мүшелері жаттығады. Жаттықтырушылар бұрынғысынша балалармен мектептерде айналысады, ал жалақыны «Атырау Барыстары» БК-дан алады. Жалақылары өсті.

- Командалар биыл қандай жетістіктерге жетті?

- Ақпан айында 1997 ж.т. облыс құрамасы Шу қаласында өткен ел чемпионатында қола жүлде алды. Рымбек Сағынғалиев пен Әлішер Төлеуов бәрінен көп ұпай жинады және биыл «Атырау Барыстары» командасы құрамында өнер көрсетіп, ҚР спорт шебері нормативін орындады.

Қыркүйекте Ақтөбеде 1998 ж.т. жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының шешуші туры өтті. Негізгі ойыншыларымыз «Атырау Барыстары» құрамында ҚР чемпионатында және Балтық Баскетбол лигасында ойнап, жарысқа мықты ойыншыларымызды алып бара алмадық. Осылайша жасөспірімдер чемпионатына 1999 және 2000 ж.т. балалар қатысты. Алайда олар ұятқа қалдырмай, төртінші орын иеленді. Ілияс Нағимов осы чемпионаттың үздік сұрмергені атанды.

Қазан айында Шу қаласында болған 2001 ж.т. жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында командамыз финалда қостанайлық «Тобылдан» 5 ұпай айырмасымен ұтылып қалды. Нұртас Телеубаев ең пайдалы ойыншы деп танылды.

Жақында Шымкентте 1999 жылы туғандар арасында ел чемпионаты өтті. Команда менің ұлым Саламат Торғаевтың жетекшілігімен ойнады. Жартылай финалда қостанайлықтармен екі ауыр ойын өткізіп, жеңіске жетті. Алайда финалдық кездесуде шаршағандықтары білініп, алаң иелерінен ұтылды: ойынның үш ширек бөлігінде тең келіп, төртінші ширекте 8 ұпай айырмасымен есе жіберді. Күш жетпей қалды. Шымкенттіктер екі легионермен - өзге өңірлерден қосылған ойыншылармен – ойнады. Басқаларға қарағанда біз сырттан легионер алмаймыз, Құрманғазы, Исатай, Жылыой аудандарының ойыншыларын тартып, қатарымызды толықтырамыз.

Қарашада Шу қаласында 2002 ж.т. балалар арасында ел чемпионаты өтіп, біздікілер төртінші орын алды. Жаңа жыл қарсаңында Қостанайда 2000 ж.т. жасөспірімдер арасында чемпионат өтеді. Бұл – финалдық тур, алдыңғы турларда «Атырау» барлық жеті кездесуде де жеңіске жетіп, турнир кестесінде көш бастап келеді. Мерей Уәпов пен Ерғанат Қайрошев турнирдің үздік ойыншылары қатарында аталды. Алайда команда финалдық турға қосалқы құраммен баруға мәжбүр. Бірінші құрам Литвада өтетін Арвидас Сабонис кубогіне қатысады. Бұл жарыс – біз үшін үлкен мәртебе, балалар үшін жақсы тәжірибе болмақ.

БАСКЕТБОЛ АУДАНДАРДА ДА ДАМЫП ЖАТЫР

- Академия шәкірттері арасында ұлттық құраманың мүшелері бар ма?

- Иә, барлық жас ерекшелік командаларында бар. 1998 ж.т. - І. Жүнісов пен Артем Парфенов келесі жылы тамызда Астанада болатын 3х3 әлем чемпионатына дайындалып жатыр; 1999-2000 ж.т. – Н. Телеубаев пен Темірлан Қабдолов.

- Облыста Мектеп лигасы жарыстарының бесінші маусымы өтті. Қандай жаңалықтар бар?

- Қазір Мектеп лигасына 23 команда қатысады, ішінде Сағыз, Доссор, Аққыстау және Атырау қаласының ұжымдары бар. Жарыстар екі жас ерекшелігі тобы – 6-7 және 8-9 сыныптар – бойынша өткізіледі. Жоғары сынып оқушылары арасында №2 мектеп (жаттықтырушысы Бақтығали Айжігітов), №19 мектеп (Анатолий Лысяк) және Доссор кентінің мектебі еш жеңіліссіз келеді. Кіші сыныптар арасында №19 мектеп көш басында.

1999-2000 ж.т. «Атырау» командасы қазанда Будапеште өткен Еуролиганың бірінші чемпионатына қатысты. Бір ойында ұтып, төртеуінде жеңіліс тапты. Команданың жеңуге деген құштарлығы зор. Келесі жылдың қаңтарында олар екінші турға барады. Сапарды Академия қаржыландырады.

Ауыл балалары арасында баскетболдың дамып келе жатқанын айта кету керек. Ганюшкино ауылында биыл Құрманғазы ауданының Мектеп лигасы өтіп жатыр, оған 14 мектеп командасы қатысуда. Құлсарыда да Жылыой ауданының Мектеп лигасы өткізіліп, оған 11 команда қатысты. Атырау қаласы мен барлық аудандарда мектеп лигасының ойындары «Isker» корпорациясының демеушілік қаржысына өткізіліп отыр. Спортшылар мен жаттықтырушылар корпорация президенті Төлеген Балғымбаевқа алғыс айтады. Сондай-ақ, жас спортшылар «“Атырау Барыстары" спорттың ойын түрлері клубының» директоры Болат Мұхамбетқалиевқа құрал-саймандар алып, жарыстарға баруды қаржыландырғаны үшін алғыс айтады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

17 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.