Атырауда ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің әскери прокуратурамен және өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлескен өңіраралық семинар-кеңесі болып өтті.
Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары қатысқан семинарда мемлекеттік бақылау және қадағалау аппаратының ашықтығын дамыта түсетін «Тексеру субъектілері мен объектілердің бірыңғай тізілімі» (ТСОБТ) жобасы таныстырылды.
Елімізде тексерулерді электронды тіркеуге көшкелі біраз болғанымен, мемлекеттік органдардың тексерулерді жоспарлау жұмысы қауіптілік деңгейін бағалау жүйесі әлі күнге дейін қолмен, қағаз нұсқасында жасалып отыр. Және прокуратура бұрынғысынша көптеген заңсыз тексерулерді анықтап отыр.
ТСОБТ аталған процестерді автоматтандырып, алғашқы кезеңде-ақ заңсыз және негізсіз тағайындалған және жүргізілетін тексерулердің жолын кесуге мүмкіндік береді. «...бірыңғай тізілімде» субъектілер мен объектілер туралы мәліметтер, олардың қауіптілік деңгейі, бұрынғы тексерулер мен олардың нәтижелері, сондай-ақ, мемлекеттік органның төлқұжаты туралы мәліметтер енгізілген.
Тағы бір маңызды мәселе: кәсіпкердің алғаш рет дәл қазіргі уақытта тексеру нәтижелерімен және оның қауіптілік деңгейінің сол немесе басқа санатына жатқызылуымен келісуге немесе шағымдануға мүмкіндігі пайда болады.
- Енді Тізілімге тексеру субъектілері мен объектілері туралы барлық мәліметтер мемлекеттік тіркеуден өту, салық төлеуші ретінде есепке алыну, қызметін бастау, лицензия мен рұқсат алу сәтінен бастап, сондай-ақ, кәсіпкерге қатысты, мәселен, жоспардан тыс тексеру жүргізу секілді кез келген іс-әрекеттер нәтижелері туралы мәліметтер енгізіледі, - дейді Комитеттің бақылау және қадағалау органдарының тексерулерін есепке алу және үйлестіру бөлімінің прокуроры Құралай КАНКИНА. - «Тексеру субъектілері мен объектілердің бірыңғай тізілімі» негізінде тексерулер картасы жасақталды. Онда жүргізілген тексерулер мен анықталған бұзушылықтардың санына байланысты аймақтағы кәсіпкердің рейтингісі көрініп отырады. Бұл кәсіпкердің қызмет сапасын арттыруға ынталы болуына ықпал етсе, тұтынушылар олардың қызметін бағалау үшін қолжетімді ақпарат ала алады.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор