14 желтоқсанда Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының есептік кездесуі өтті.
Өңір бизнесмендерімен кездесуге ҚР «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары Төлеміс ШОТАНОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, екінші деңгейлі банк филиалдарының басшылары қатысты.
ТОЛЫҚ АЙТЫЛМАДЫ
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек ЖӘКИЕВТІҢ айтуынша, жыл басынан бері Атырау облысының кәсіпкерлер палатасына 1 143 шағым түскен, соның ішінде 253-і жазбаша шағымдар. Бүгінде олардың ішінде 133 мәселе кәсіпкерлер пайдасына шешілді. Палата қолдауының нәтижесінде 41 млн теңгеден астам сомада кәсіпкерлердің қаржылық шығындарын үнемдеп, бизнес субъектілерінің кірісін 700 млн теңгеден астам сомаға көбейту мүмкін болды.
Бизнесмендердің проблемаларымен Атырау облыстық кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Әлия БЕКҚОЖИЕВА жақсы таныс:
- «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалының тарапына көп наразылық келіп түседі. Атап айтқанда, адамдар алдын ала төлемдердің алынуына, техникалық қызметтің сапасыз көрсетілуіне, жазғы уақытта газ қазандықтарына сүргі салуға наразы. Сондықтан палата мен проблемалық мәселелерді жедел шешу және мониторинг бойынша ҚТГА өкілдерінен тұратын тұрақты жұмыс тобын құруға шешім қабылданды. «Атырау Жарық» АҚ мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ӨФ тарапынан еркін қуаттылықтар туралы ақпараттың жоқтығы да мәселе болып отыр. Облыстық прокуратура ТМРАД-қа монополистердің «Табиғи монополияларды реттеу және реттелетін нарықтар туралы» ҚР Заңын орындаулары жөніндегі талабын жолдады. Заң оларды тоқсан сайын өз сайттарына еркін және қолжетімді қуаттылықтардың бар екендігі туралы ақпаратты, сондай-ақ, инженерлік коммуникациялар сызбаларын орналастыруға міндеттейді.
«БҰЛ АДАМ ТӨЗГІСІЗ МЕКЕМЕ»
Ауыл кәсіпкерлерінің проблемаларына келер болсақ, Индер ауданында олар егжей-тегжейлі жоспарлаудың жоқтығына, өздерінде кепіл мүлігінің жоқтығына байланысты несиелер алу қиындығына шағымданады. Бірінші мәселені шешу үшін Кеңес облыс басшылығына, екінші мәселе бойынша – несиелеу мекемелеріне шаруа қожалықтары үшін несиелер ұсыну шарттарын қайта қарау ұсынысымен бару керектігі жөнінде шешім қабылданды.
- Ресми мінберлерде дағдарыстың үдеуі туралы көп айтылуда. Біз 90-жылды бастан өткіздік, 2007 жылды бастан өткіздік. Енді 2016 жылды да өткереміз деп ойлаймын. Қазір салық және басқа қызметтер шетке ығысты, біз олармен мәселелерді жайбарақат шеше аламыз. Бірақ әкімдік қызметтері – бұл адам төзгісіз мекеме! – деп пікірін білдірді кәсіпкер Бақыт ЫСҚАҚОВА қалалық жер қатынастары мен қалалық сәулет бөлімін меңзеп. – Кез келген кәсіпкерге ісін ашпас бұрын жер мен орынжай керек, құрылыс алуға рұқсат қажет. Тоқсанына бір рет бізбен қала әкімі, сонымен қатар сәулет және жер қатынастары бөлімінің өкілдері кездессе деген ұсынысым бар. Олар өз мәселелері бойынша жауап берсін. Егер үш айда бір рет әкім өзін табадағыдай сезінсе, онда ол да солардан талап етіп, жұмыс жасауға мәжбүрлейтін болады.
- Мен айына бір рет қала әкімі сіздермен кездеседі деп уәде беремін, - деп оны және басқа кәсіпкерлерді Ғұмар Дүйсембаев сендірді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА