14 желтоқсанда Атырауда полицейлерге 60 жаңа көлік табыс етілді: 53 патрульдік «Нива» мен 7 «Газель» салтанатты рәсімге әзірленіп, шамдарын жыпылықтатып «ақ үй» алдындағы алаңға сап түзеді. Ал осы кезде облыстық әкімдік ғимаратының 7-қабатында ҚР ІІМ департаментінің бастығы генерал-майор Мұхаран ӘМІРОВ жергілікті полиция мәселелері бойынша облыс басшылығы үшін таныстырылым өткізді.
ӘКІМДЕРГЕ ЖАҚЫНЫРАҚ
Естеріңізге салсақ, биылғы жылдың 5 мамырында үкіметтің кеңейтілген отырысында Н.Назарбаев Қазақстанда жергілікті полицей қызметін (ЖПҚ) құру туралы мәселені қарастыруға тапсырма берген еді. Ал 2 қарашада «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына қол қойылды. Ол 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
ЖПҚ жұмысына құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қорғау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу және құрықтау, әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы істер бойынша өндіріс пен қылмыстық теріс қылықтар бойынша хаттама түрінде сотқа дейінгі тергеу жұмыстары кіреді.
ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, Атырау облысында жергілікті полиция құрамына учаскелік инспекторлар (200-ден астам адам) мен олардың көмекшілері (100 шақты); кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімше (200-ден астам), соның ішінде мектеп инспекторлары (155); табиғат қорғау полициясының бөлімшесі; әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі; айқын мекенжайы жоқ тұлғаларға арналған қабылдау-тарату мекемелері, сонымен қатар әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдағыштар енгізілген. Сонымен қатар, жергілікті полиция құрамына екі үлкен қызметті – патрульдік және жол полициясын біріктіретін (500 адамнан жоғары) бүкіл жол-патрульдік полициясы кірген. Біздің облысымызда ЖПҚ құрамында барлығы 1000-нан астам қызметкерлер болады.
Жергілікті полиция ІІМ-нің бірыңғай орталықтандырылған жүйесінде қалады. Құрылым бойынша ол жергілікті атқарушы органдардың құрамына кірмейді. Бірақ оларға есеп береді. Облыс деңгейінде жергілікті полиция басшысын тағайындауды облыс әкімі ішкі істер министрінің ұсынысы бойынша және облыстық мәслихаттың мақұлдауымен жүзеге асырады. Аудандық және қалалық жергілікті полицейлердің басшыларын облыс әкімі облыстық жергілікті полиция басшысының ұсынысымен және аудандық және қалалық мәслихаттың мақұлдауымен тағайындайды.
Облыстың, қалалар мен аудандардың жергілікті полиция басшылары мәртебесі және лауазымдық жалақысы бойынша, тиісінше, облыстық ІІД бастығының орынбасары мен ішкі істер қалалық және аудандық бөлім басшыларының орынбасарына теңестіріледі.
Әкім тиісті аумақта құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде міндеттер қоюға, олардың орындалуын қадағалауға, ЖПҚ басшыларын атқарып отырған лауазымдарынан босатуға құқылы.
«НИВАЛАР» ШАЛҒАЙҒА БӨЛІНДІ
Таныстырылымнан кейін облыс, қала, сондай-ақ, ішкі істер департаментінің басшылығы полицейлерге жаңа көліктің кілттерін табыстау үшін облыстық әкімдік алдындағы алаңға шықты.
Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ айтуынша, биыл жергілікті бюджеттен ішкі істер департаментіне 1 млрд-тан астам теңге бөлінген.
Айта кетелік, ІІД республикалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де қаржыландырылады: республикалық деңгейде – жедел және іздестіру бөлімшелері, жергілікті деңгейде (60 пайыздан жоғары) – ішкі істер органдарының жеке құрамы, негізінен бұл әкімшілік полиция.
21 «Ниваның» кілті ауылдық округтер мен шалғай аудандардағы учаскелік инспекторларға, 19-ы – ІІД-нің кезекші бөлімдері мен кейбір басқа қызметтерге, қалғандары – қалалық учаскелік инспекторларға табысталды. 7 «Газель» күзет қызметіне бөлінді.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген автор