Биылғы жылдың басында Атырау облысында 643 адам қысқартуға ұшырады. Сонымен бірге келер жылы 16 820 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай ӨТЕҒАЛИЕВА (суретте) хабарлады.
Оның айтуынша, биыл 3,5 мың адамды қысқарту жорамалданған. Алайда жұмыс орнының көпшілігін «компанияның кадрлық саясатын оңтайландыру және жұмысшыларды басқа нысандар мен құрылымдық бөлімшелерге ауыстыру» есебінен сақтап қалу мүмкін болды. Дегенмен де, «ПромСтройЭнерго», «Қазстройсервис», «ОйлТрансГрунт», «Болат жол» ЖШС секілді ірі компаниялардың қызметкерлері қысқартуға ұшырады.
– Жұмыспен қамту органдарына қысқартылған жұмысшылардың 315-і хабарласты. Олардың 205-і жұмысқа орналастырылды, жетеуі қайта даярлау курстарына жіберілді, ал тағы төртеуі «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікпен айналысты, - деп хабарлады Б.Өтеғалиева. – Жалпы Атырау облысының тұрғындарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін кешенді жоспар жүзеге асырылады. Соның шеңберінде биылғы жылдың 1 желтоқсанында 14 мыңнан астам жұмыссыздың 10 мыңдайы жұмысқа орналастырылды. Бұл 68,6%-ды құрайды. Бүгінгі күні өңірдегі жұмыссыздық 5 пайызды құрайды, жастар арасында 2 пайыз. Бұл көрсеткіштер Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен екі есе төмен.
Келер жылдың жоспарлары туралы айтқан кезде Б.Өтеғалиева 2016 жылы өңірде жүзеге асырылатын мемлекеттік және салалық бағдарламалар есебінен 16 820 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарда бар екенін атап өтті. Әлеуметтік қолдау шараларымен 13 350 адамды қамту жоспарланған: соның ішінде, жұмыс берушілердің бос орындары есебінен жұмысқа 5 мың адамды орналастыру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 1 500 адамды даярлау, жергілікті бюджет қаржысы есебінен қоғамдық жұмыстарға 4 500 адамды жіберу, әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа 350 адамды орналастыру, Жастар тәжірибесіне жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарының 500 түлегін жіберу, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының бағыттарымен 1 500 адамды қамту.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор