Атырау, 29 қараша 08:53
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Мүлікті жария ету тағы бір жылға ұзартылды

3 504 просмотра

Қазақстанда мүлік пен ақша құралдарын жария ету тағы бір жылға – 2016 жылдың аяғына дейін ұзартылды. Бұл туралы Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде болған брифингте хабарланды.

Бұған қоса жария етуді реттейтін заңнамаларға басқа да үлкен өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, құқық қорғау органдарына жария ету барысында белгілі болған ақпараттарды қылмыстық істер бойынша дәлелдеме ретінде қолдануға тыйым салынды. Жария еткен мүлікті тәркілеуге де болмайды.

Жария ету барысында үш жол қарастырылған. Біріншіден, қаржы иесі ақшасын банк шоттарына салғанымен, оны сол жерде сақтауға міндетті емес, өз қалауынша шектеусіз пайдалануға құқылы. Бұған дейін басқа ережелер әрекет етті: ақшаны жария еткенде өтінім беруші екінші деңгейлі банктен арнайы шот аштырып, ақша сол жерде кемінде 5 жыл сақталуы тиіс еді. Мерзімінен бұрын алғанда салымшы 10 пайыздық алым төлеуге міндетті еді.

Екінші жолы – 10%-дық алым төлеп, екінші деңгейлі банк шотына салмастан жариялау. Үшінші жолы – жария етілген ақшаларды «Астана» халықаралық орталығына алым төлемей-ақ инвестициялау.

Жария ету үдерісі басталғаннан бері жергілікті жерлерде әкімдіктер мен мемлекеттік кіріс басқармалары жанынан арнайы комиссиялар құрылды. Енді әкімдік жанындағы комиссиялар тек құқығы белгіленбеген Қазақстан аумағындағы жылжымайтын мүліктерді жария етумен ғана айналысады. Ал ел ішіндегі басқа мүліктер (мысалы, жылжитын, сондай-ақ, құқығы жария етуші субъектіге немесе басқа тұлғаға ресімделген мүліктер) салықтық декларация тапсыру жолымен, алайда алым төлемей жария етіледі. ҚР аумағынан тыс орналасқан мүліктерді мемлекеттік кіріс органдарына декларация тапсыру арқылы жария етуге болады, бұл жағдайда 10%-дық алым төленеді. Мүліктің құнын иесінің өзі белгілейді.

Ресми деректерге сәйкес, Атырау облысында жария ету басталғаннан бері 1 202 өтініш келіп түскен. Олардың 52-сі түрлі себептермен қайтарылды. Кейбір жағдайларда бұрын сыбайлас жемқорлық баптарымен жауапкершілікке тартылған азаматтарға, сондай-ақ, жария етілетін мүліктері құрылыс, санитарлық, экологиялық және өртке қарсы нормаларға сәйкес келмейтін тұлғаларға мүлігін жария етуден бас тартылды. Қалған жағдайларда азаматтар қажетті мүлік құжаттары пакетін ұсына алмады. Алайда олар қағаздарын түгендегеннен кейін кері өтінім бере алады. 1 046 өтініш бойынша 1 961 нысан, соның ішінде жалпы құны 7,5 млрд теңге болатын 590 тұрғын үй және құны 4 млрд теңге болатын 1 371 басқа да орынжайлар заңдастырылды. Шетелден 60 млн теңгелік бағалы қағаздар мен 65,1 млн теңге тұратын тұрғын үй жария етілді.

Өңірімізде ақшаны жария етуге ешкім өтініш берген жоқ. Бұл үдеріс, негізінен, Алматыда қызу жүріп жатыр: 109 өтініш бойынша 71 млрд теңгеден астам қаржы жария етілген. Астанада 23 азамат 5 млрд теңгені заңдастырған. Ал Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында, біздегідей, ешкім ақшасын жария етпеген.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

17 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.