Атырау, 21 желтоқсан 23:56
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Қанат Ислам: «Халқымды сүйемін, Отанымның бақытты да мықты ел болғанын көргім келеді»

4 615 просмотра

15 желтоқсанда Атырауға белгілі қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат ИСЛАМДЫ қарсы алды. Спортшының өңірімізге сапарын Атырау мұнай және газ институты басшылығы ұйымдастырған екен.

АМжГИ-дің Студенттер сарайында қонақты құрметпен қарсы алып, оқу орнының ректоры Қанат Исламға институттың дене тәрбиесі және спорт кафедрасының құрметті профессоры атағы берілгенін мәлімдеді. 16 желтоқсанда Қ.Ислам жергілікті жас боксшылар үшін шеберлік дәрісін өткізеді.

ШЫҢДЫ САТЫЛАП БАҒЫНДЫРАМЫН

Жақында кәсіпқой рингте өзінің 20-жеңісіне қол жеткізген қазақ боксшысы «АЖ» сұрақтарына жауап берді.

- Қанат, Атырауға қош келдіңіз! Барлық қазақстандықтарды толғандырып жүрген басты сұрақтан бастайын: кезекті айқасыңыз қашан және кіммен өтпек?

- Алдымен атыраулықтарға осы үлкен қонақжайлылықтары үшін алғыс айтамын! Бәрі де өз кезегімен келуі керек, спорттық мансапта да солай. Әуесқой бокста Қазақстан чемпионы болу үшін 5-6 жыл керек, Олимпиадаға 8-10 жыл дайындаласың, кәсіпқой бокста да осындай – жетістіктің келесі шыңына шығу үшін бар күшіңді салуың қажет. Мысалы, Геннадий ГОЛОВКИН өз кәсіпқой мансабын 2005 жылы бастады, ал мен АҚШ-қа 2012 жылы бардым. Бәрі бірден болмайды. Қазір маған көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Алдағы жылдары өзімді бұдан да жоғары бокстік деңгейлерде көрсету мүмкіндіктерін күтіп отырмын.

- Неге сіз өз кәсіпқой мансабыңызды WBA Fedelatin нұсқасында (Латын Америкасы елдеріне арналған Дүниежүзілік Бокс қауымдастығы) бастауды қаладыңыз? Білуімше, бұл WBA-дағы қиын нұсқа емес пе?

- Мен қазір Флорида штаты Майами қаласында тұрамын. Жол алыс, екі ортада үнемі барып-келуге, ұзақ уақыт ұшып-қонуға көп қуат кетеді. Сондықтан да жақын орналасқан Колумбия, Эквадор сияқты латынамерикалық елдерден рейтинг жинауды жөн көрдім. Мен өз күшіме сенімді болдым және аз уақыттың ішінде WBA Fedelatin нұсқасында чемпион бола алдым. Нәтижелерімді көріп отырсыздар, осы нұсқадағы жеңістерімнің арқасында аяғымнан тік тұрып, бүгінде бұдан да жоғары әлемдік деңгейде өзімді көрсетуге шақыртулар алып жатырмын.

- WBC, IBF нұсқаларында бокстесу жоспарыңызда бар ма?

- Иә, болашақта осы белгілі бокс ұйымдарына кіріп, чемпиондарымен рингте кездесемін деп отырмын. Жоспарлар көп, құдай қаласа, жақын әзірде жүзеге асырамын деп ойлаймын.

- Жақында айқас өткізу туралы нақты ұсыныстарыңыз бар ма?

- 26 желтоқсанда Қытайда кезінде Головкинмен кездескен колумбиялық боксшымен рейтингтік айқас өткізуді жоспарлап отырмын. Алайда бұл кездесу бірнеше себептермен кейін шегеріліп келді. Бұл айқас Астанада немесе Алматыда өтуі мүмкін. Бір аптаның ішінде келіссөздер аяқталады деп ойлаймын.

- Қазақстанда кәсіпқой бокс айқастарын өткізу мүмкін бе?

- Неге мүмкін емес? Қазақстанда спорт қарыштап дамып келеді. Тек Атыраудың өзінде бір жыл ішінде бокстан үш халықаралық турнир өтті. Облыстық деңгейдің өзінде беделді жарыстар ұйымдастырып, шетелдік спортшыларды шақыру мүмкіндігінің бар екендігі қуантады. Қазақстанда өз кәсіпқой айқасымды өткізу жоспарымда бар.

«БОКС ҚАЗІР ДЕ ҚЫЗЫҚТЫ»

- Жақында сіз Эл Хэймонмен (әлем чемпионы Флойд Мейвеззердің белгілі американдық менеджері) келісімшартқа отырдыңыз.

- Нельсон Лопес менің промоутерім болып қала береді, ал Эл Хэймон – менеджерім. Менің айқастарымды Showtime (американдық кабельдік және спутниктік теледидардың премиум арнасы) бойынша көрсету туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

- Біз сіздің жеңістеріңіз туралы тек интернеттен ғана біліп отырамыз. Қазақстандық арналар сіздің айқастарыңызды жақын әзірде көрсетпейді деп ойлаймын.

- Басында айтқанымдай, бәрінің өз уақыты бар. Бәрі де алда, ал әзірге келісім мен келісімшарт бойынша менің айқастарымды Showtime желілерінде көрсететін болады.

- Қазіргі бокс бұрынғы қызықтылығын жоғалтып бара жатыр, тек жоғары гонорарлар алғысы келетін прагматикалық боксшылардың заманы туды деген пікір бар. Қалай ойлайсыз, қазір Артуро Гатти – Микки Уорд айқасы сияқты «жан беріскен» айқастар неге жоқ?

- Қанша адам болса, сонша пікір болады. Мен бокс әлемінің өкілі ретінде ринг өзгерді деп айта алмаймын. Гатти мен Уордқа келсек, олар бір-біріне жақсы сәйкес келген қарсыластар ғана. Жақсы, қызықты айқастар жоғалған жоқ, Пакьяо мен Маркестің текетіресінің өзі неге тұрады. Бұл өте жоғары деңгейде өткізілген өте қызықты айқас болды. Адамдар өздерінде барды бағалай алмайды, боксты өзгерту мүмкін емес. Бұл жүйе.

- Қанат Ислам рингтен тыс өмірде не туралы ойлайды?

- Мен өз халқымды сүйемін және оны бай-қуатты және мықты, батыр ел болғанын көргім келеді. Жетістіктеріне шын жүректен қуанып, кемшіліктеріне күйінемін. Елімізді біз ойламағанда, біз күйіп-піспегенде, кім ойлайды? Сондықтан да менің халықаралық рингтегі басты мақсатым – Қазақстанның беделін арттыруға аз да болса өз үлесімді қосу. Отандастарымды алға қарай да өз жетістіктеріммен қуантамын деп ойлаймын.

- Рахмет, жеңісті күндеріңіз көп болсын!

Азамат МАЙТАНОВ

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

16 желтоқсан 2015, 15:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.