Атырау, 26 қараша 13:45
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Сауд Арабиясы: Терроризммен күресетін альянс құрылды

1 552 просмотра

Image 0

Сауд Арабиясы 34 мемлекеттің терроризммен күресетін альянс құрғанын мәлімдеді.

"34 мемлекет терроризммен күресетін Сауд Арабиясы бастаған альянс құруды ұйғарды. Альянстың бірлескен операциясы Эр-Риядта орналасатын орталықтан үйлестіріледі" делінген SPA мемлекеттік агенттігі таратқан мәлімдемеде.

Альянсқа қосылған елдер арасында Египет, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты араб елдері, Түркия, Малайзия, Пәкістан сияқты мұсылман елдері бар. Парсы шығанағы мен Африкадағы біраз мемлекет те альянсқа кірген.

"Терроризммен күрестегі халықаралық күш-жігерді қолдау және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін бейбіт сүйгіш елдер және халықаралық ұйымдармен үйлесімді жұмыс істеу келісімі жасалуы тиіс" дейді альянс мәлімдемесінде.

АҚШ президенті Барак Обама 14 желтоқсанда қорғаныс министрі Эштон Картерге Таяу Шығысқа сапарлап барып, "Ислам мемлекеті" ұйымымен күресте АҚШ бастаған коалицияға аймақ елдерінің көбірек әскери қолдауын алуды тапсырған.

Сауд Арабиясының қорғаныс министрі Мұхаммед бин Салман бүгін баспасөз жиынында жаңа құрылған альянс Ирак, Сирия, Ливия, Египет және Ауғанстандағы терроризмге қарсы шараларды "үйлестіретінін " айтты. "Біз терроризмнің исламшыл түрімен ғана емес, барлық түрімен күресеміз" деген Мұхаммед бин Салман. Ол альянсқа мүше әр ел оған өз шама-шарқынша қатысатынын айтты.

"Сирия мен Иракқа қатысты әлемдік державалармен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса әрекет етеміз. Біз бұл елдерде операцияны заңға сай және халықаралық қауымдастықтың мақұлдауынсыз жүргізе алмаймыз" деді Сад Арабиясы қорғаныс министрі.

Дереккөз:azattyq.org

15 желтоқсан 2015, 14:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.