Ресейдің коррупциямен күрес қоры (Навальный қоры) бас прокурор Юрий Чайкаға қарсы жаңа арыз түсірмек. Бұл туралы қор заңгері Иван Жданов Facebook-те хабарлады.
Бұған дейін Мәскеудің Пресненский аудандық соты оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальный басқаратын коррупциямен күрес қорының Юрий Чайкаға қарсы жазған арызын "жауапкер Пресненский соты аумағында тұрмайды" деп, қабылдамай тастаған еді. "Эхо Москва" радиосының хабарлауынша, қор енді шағымын бас прокурор тұратын ауданның сотына бермек.
Коррупциямен күрес қоры бұған дейін Чайка мен оның екі ұлының және айналасындағылардың бірқатар қылмыстық істерге қатысы бар екені жөнінде зерттеу материалын жариялаған. Чайка ол зерттеуді "британ бизнесмені Уильям Браудердің тапсырысымен жазылған әрі жалған" деп атаған. Қор өкілдері Чайканың бұл сөзіне қатысты шағымданып, қор абыройын қорғау үшін сотқа арыз беретіндерін мәлімдеген.
Дереккөз: azattyq.org