Еуропа Одағының (ЕО) жоғары шенді өкілі Азаттыққа ЕО 21 желтоқсанда одаққа мүше елдер елшілерінің кездесуінде Ресейге қарсы санкцияларды тағы жарты жылға ұзартпақ ниетте екенін хабарлады. Осылайша Ресейдің қаржы, мұнай және қорғаныс саласы мен кейбір жекелеген шенеуніктеріне салынған санкциялардың күші 2016 жылдың 31 шілдесіне дейін ұзаруы мүмкін.
Өткен аптада санкцияны ұзарту жоспары бұл мәселені жоғары деңгейде талқылауға шақырған Италияның ұсынысымен кейінге қалдырылған болатын. Италия премьер-министрі Маттео Ренци бірнеше күннен кейін өткен ЕО елдері басшыларының жиынында бұл тақырыпты көтереді деп болжанған.
Ресейге қарсы санкциялар 2014 жылдың қыркүйегінде Мәскеудің Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсетуінен соң салынған. Санкциялардың әрекет ету мерзімі 21 қаңтарда аяқталады.
Дереккөз: azattyq.org