12-13 желтоқсанда «Атырау» ДСК-нде спорттық және әскери самбодан Азия чемпионаты жалғасын тапты.
Өкінішке орай, Түркіменстаннан қаралы хабар келді. Атыраудағы чемпионатқа келе жатқан спортшыларды тиеген автобус апатқа ұшырап, бір спортшы қыз қаза болып, бірнеше адам жарақат алған. «Атырау» ДСК-нде чемпионатқа қатысушылар қаза болған әріптестеріне бір минут үнсіздікпен құрмет көрсетті.
Спортқа оралайық. Атыраулық Қалжан Тайжанова әйелдер арасында 72 келіге дейін салмақта «алтын» алды. Осындай жетістікке 80 келіге дейін салмақта облыстық әйелдер құрамасының мүшесі Эльмира Самиғоллаева да жетті. Тағы бір атыраулық спортшы Парасат Жұмабай 62 келіге дейін салмақта қолаға қол жеткізді.
Лық толған ДСК залында басқа финалдар төмендегіше өтті.
Спорттық бөлімде 48 келіге дейін салмақта қазақстандық Ержан Амитжанов қырғыз Иманбек Тентиевті 8:5 есебімен ұтты. 52 келіге дейін салмақта атыраулық Аманжан Әбу тәжікстандық Хасани Джомиды 2:1 есебімен ұтып, «алтыннан» алқа тақты. 57 келіге дейін салмақта қырғыз Дулот Сәдірқұловты жеңген моңғол Алтанбаған Пуревтагва чемпион атанды.
Әскери бөлімде 62 келіге дейін салмақта өзбекстандық Шариф Кушаевты 10:1 есебімен жеңген қазақ Қазбек Сұпығалиев жеңіс тұғырына көтерілді. Спорттық бөлімде 62 келіге дейін салмақта моңғол Самбуниам Болд айқастың соңғы секундтарында төрешілер үш ұпаймен бағалаған тиімді тәсіл жасап, тәжікстандық Якубжон Рахматовтың қолынан жеңісті жұлып алды. 68 келіге дейін салмақта тәжік палуаны Мубориз Мунаваров өзбек Тохир Асроровты жеңді. 74 келіге дейін салмақта тәжік Мирзошариф қазақ Бағдат Исаны ұтты.
Әскери самбода 82 келіге дейін салмақта атыраулық Рүстембек Жиреншиев өзінің негізгі тәсілімен – қарсыласын өзінен асырып лақтыру – қырғыз Нүрисбек Бекбердиевті алып ұрды. Спорттық самбода осы салмақта атыраулық Елшат Әбу тәжікстандық Суруш Каримовтың екпініне төтеп бере алмай, 0.3 есебімен ұтылып қалды.
90 келіге дейін салмақта қазақстандық Мейрамбек Жаңғабай өзінің тәжік қарсыласы Рашид Зиябековке еш мүмкіндік бермеді. 100 келіге дейін салмақта өзбек Хасан Сироджидинов пен тәжік Саид Шомахмадов арасындағы белдесу тез аяқталды. Алғашқы әдістен кейін-ақ өзбек палуаны кеудесінің ауырғанын айтып, күресуден бас тартты. 100 келіден жоғары салмақта өзбекстандық Шухраб Тораев пен қазақстандық Ақжігіт Оралов арасындағы белдесу 9:0 есебімен біздің спортшымыздың пайдасына шешілді. Әскери самбодан осы салмақта қырғыз Қуданышбек Кокумов қазақ Шыңғыс Қыдырмановты техникалық нокаутпен жеңді.
(сенбі)
13 желтоқсанда кілемге жасөспірімдер шықты. Қыздар арасында 65 келіге дейін салмақта «алтын» ұтқан Анель Сүлейменова жанкүйерлерді қуантты. 52 келіге дейін салмақта атыраулық Қайырберді Айдынбай қола жүлдегер атанды.
Басқа финалдар төмендегіше өтті.
Спорттық бөлімде 52 келіге дейін салмақта өзбек Шахзод Тагиев қырғыз Азат Аманбековті мерзімнен бұрын жеңді – төреші хаттамасына 8:0 есебі тіркелді.
56 келіге дейін салмақта қазақстандық Шыңғыс Қалабай мен қырғыз Асылбек Орынбаев арасындағы белдесу де осы сарында өтті. Шыңғыс белсенді қимылдап, әдістер жасады, ал қарсыласы сылбыр күресті. Қорытынды – 8:0 және алтын қазақтың қанжығасына байланды.
68 келіге дейін салмақта қазақстандық Асылан Зейноллаев пен өзбекстандық Зафар Аллабергенов арасындағы айқас тартысты өтті. Асылан белдесу барысында 3:1 есебімен ұтып жатқан, алайда қарсыласы қолына ауырту әдісін жасап, мерзімнен бұрын жеңіске жетті.
60 келіге дейін салмақта белдесу қызықты өтті: тәжік Сайридин Шоев ақтаулық Бауыржан Сағынғалиевті 1:0 есебімен ұтып жатты, алайда Бауыржан өзін қолға алып, екі әдемі тәсіл қолданды. Осылайша 6:1 есебімен жеңіске жетті.
65 келіге дейін салмақта қазақ Сұңғат Жұбатқан мен тәжік Саид Камолов белдесті. 1:7 есебімен ұтылып жатқан Сұңғат қарсыласын әдіспен лақтырып, тапжылтпай басып отырды. Зал ду көтерілді, алайда төреші уақыттың өтіп кеткенін ескертіп, әдісті есептемеді. Нәтижесінде тағы бір алтын Тәжікстанның қоржынына кетті.
70 келіге дейін салмақ: қазақстандық Аңсарбек Ғайнуллин өзбекстандық Джамалиддин Аллаевты «таза» лақтырып, жеңіске жетті.
57 келіге дейін салмақта Моңғолиядан келген Ерденсух Енхбаттың толассыз шабуылдарына төтеп берген қазақстандық Олег Удод қарсыласының қолын ұстап, ауырту әдісін жасап, берілуге мәжбүрледі.
75 келіге дейін салмақта Бекәділ Саймерденов малайзиялық Зонг Лит Дингті мерзімнен бұрын жеңді.
81 келіге дейін салмақта Оңтүстік Корея спортшысы Джин Ву Ли қазақстандық Жангелді Құдайбергенмен белдесуінде 0:2 есебімен ұтылып жатып, бірнеше әдіс жасап, 9:2 есебімен жеңіске жетті.
87 келіге дейін салмақта тәжікстандық Шариф Назриев тартысты өткен белдесуде қазақстандық Нұрәділ Есенгелдіден 0:7 есебімен жеңілді. 87 келіге дейін салмақта атыраулық Райымбек Ашықбаев өзбекстандық Нұржахон Курбоновты 11:0 есебімен ойсырата жеңді.
Әскери бөлімде 90 келіге дейін салмақта финалда тәжік Далер Ниязов қазақстандық Константин Солдатовпен белдесуден бас тартты. Осылайша ол автоматты түрде Азия чемпионы атанды.
Осымен Атырау қаласында өткен Азия чемпионаты аяқталды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ