Мысыр Синай түбегінде ресейлік A321 лайнерінің апатқа ұшырауына террорлық әрекет себеп болғанын растайтын дәлел таппады, - деп хабарлайды РИА Новости. Бұл туралы әуе апатына қатысты тергеу жүргізіп жатқан комиссияның алдын ала таныстырылған баяндамасында айтылды.
"Комиссия әлі де заңсыз сыртқы әрекеттік немесе террорлық актінің болғаны туралы дәлел таппады. Комиссия жұмысын жалғастырып жатыр", - деп жазылған баяндамада.
Еске сала кетейік, әуе апаты 2015 жылдың 31 қазанында таңғы уақытта болды. Ұшақ бортында 217 жолаушы мен экипаждың 7 мүшесі болған. Болжам бойынша, апаттан тірі қалғандар жоқ. Ал кеше, 17 қарашада Ресей ФҚҚ басшысы Александр Бортников ұшақтың апатқа ұшырауына терактінің себеп болғанын мәлімдеді.
Дереккөз: tengrinews.kz