11 желтоқсанда «Атырау» ДСК-нде спорттық және әскери самбодан Азия чемпионаты басталды. Оған Непал, Корея, Жапония, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран, Қырғызия, Малайзия, Моңғолия, Ауғанстан және Қазақстан елдерінен 250-ден аса спортшы қатысып жатыр.
Баспасөз конференциясында облыстық самбо федерациясының президенті Арман Тоғаев Атырау облысы құрамасы чемпионатта бес жүлде алуды жоспарлап отырғанын айтты.
Баспасөз конференциясында басқа әңгімелер қозғалды.
ҚР Самбо федерациясының президенті Сәкен МЕЙІРБЕКОВ: Осындай жауапты іс-шара Атырауда алғаш рет өткізіліп отыр. Атқарылған осы ұйымдастыру жұмыстары үшін Атырау облыстық самбо федерациясына алғыс айтқым келеді. Біз өз спорт түріміздің олимпиадалық бағдарламаға енуін күтіп жүрміз және Азия чемпионатының біздің елімізде болып жатқанына қуаныштымыз. Азия чемпионатында «алтын» алған қазақстандықтарға бірден халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы беріледі.
Азия самбо одағының президенті Аломжон МУЛЛАЕВ: Чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылған, керемет зал, жақсы жарақталған. Спортшылардың барлығы ыстық ықыластарыңызға риза.
Халықаралық самбо федерациясының (FIAS) спорттық директоры Дмитрий МАКСИМОВ: Қазақстан чемпионатты Азия елдеріне тән қонақжайлық дәстүрімен қабылдап жатыр. Келесі жылы Вьетнамда Жағалау ойындары өтеді және оған әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген спортшылар жиналады. Қазақстандықтар сол жерде үлкен бәсекелестік тудыра алады.
Турнирдің құрметті қонақтары арасында 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман ШІЛМАНОВ пен соңғы екі Олимпиадаға қатысушы Ринат ИБРАГИМОВ те бар екен.
Чемпионаттың алғашқы күніндегі финалдық айқастарға тоқталайық.
52 келіге дейін салмақта әлем чемпионатының жүлдегері, қазақстандық Болатбек Райымқұлов тәжікстандық Ардашер Исмаиловты оңай ұтты: төрешілер 8:0 есебімен жеңісті жерлесімізге берді.
57 келіге дейін салмақта әлем чемпионы, тәжікстандық Акмалидин Каримов 11:0 есебімен моңғол Мунхбат Ганхуангты ұтты.
62 келіге дейін салмақта атыраулық Жандос Иманбаев пен тәжікстандық Нозимжан Охиров кездесті. Белдесуді жақсы бастаған Жандос бірнеше тәсіл жасап 4 ұпай жинады, алайда осыдан кейін сәл босаңсып, қарсыласынан 4:10 есебімен ұтылып қалды. Қанжығасында «күміс» жүлде.
Әскери самбодан 52 келіге дейін салмақта өткен алғашқы финалда Азияның екі дүркін чемпионы Әсет Әлдешев пен өзбекстандық Аман Ғаниев кездесті. Белдесу тәжірибелі Әсеттің басымдығымен өтіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті.
68 келіге дейін салмақта тәжік спортшысы Мұстафо Хасанов пен қазақстандық Бағдат Жарылғасов арасында өткен айқас қызықсыз, сылбыр өтті. Самбошылар арпалысқа бар күштерін сарқып, белдесу соңына қарай кілем үстіне жатқаннан басқа әрекет жасауға мұрғалары болмады. Қорытынды есеп – 5:4 Хасановтың пайдасында.
Ал келесі 74 келіге дейін салмақтағы белдесу бір минуттан кейін аяқталды. Тәжікстандық Диваш Хабибов пен қазақстандық Айбек Ғабдешев ұмар-жұмар болып, кілем үстінде шырқ айналды. Екеуі бір-бірінің аяғына ауырту тәсілдерін салып жатыр екен. Тәжікстандық спортшы ауруға шыдамдылық танытып, жеңіске жетті.
82 келіге дейін салмақта Жағалау ойындарының жүлдегері, атыраулық Ержан Қабделов пен өзбекстандық Шамшутбек Тельманов кездесті. Ержан бірден шабуылға көшіп, кілем иесі кім екенін көрсетіп бақты. Бір сәттердің бірінде ол қарсыласын басынан асыра көтеріп, оны ысқырықтан кейін жерге лақтырды, бұған төрешілер наразы болып, осы қылығы үшін Тельмановқа бір ұпай берді. Алайда өзбек спортшысы сылбыр қимылдап, айып ұпайына иеленді. Белдесу соңында төрешілер жеңісті Ержанға берді.
74 келіге дейін салмақта келесі айқаста қырғызиялық Қылышбек Тохтосин атыраулық самбошы Қанағат Батыршиевты жеңді.
Осыдан кейін спорттық самбода 90 келіге дейін салмақта өзбек Рустам Муслимов пен тәжік Юмахон Назриев және 100 келіге дейін салмақта қазақстандық Аманғали Жартыбаев пен тәжікстандық Шамшод Абдуллоев кездесті. Екі белдесуде де тәжік спортшылары жеңіске жетті.
Спорттық самбодан Тәжікстан құрамасының тағы бір өкілі (100 келіден жоғары) Набимухаммед Хоркашев қазақстандық Ерлан Нұрмановты санаулы секундарда жеңді. Ол төрешілердің жоғары бағасына ие болған екі керемет тәсіл жасады. Хоркашев артқа сальто жасап, көрермендермен қоштасты.
Дегенмен, әскери самбодан 100 келіге дейін салмақта қазақстандық Айболат Мұратұлы өзбекстандық Қуат Таджимуратовты айқын басымдықпен ұтты. Төрешілер 7:1 есебінен кейін белдесуді тоқтатты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА