Өңірлік коммуникация қызметінің баспасөз орталығында облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысы Акылбек БАЙШАХАНОВТЫҢ қатысуымен брифинг өтті.
Терможаңғырту бойынша: 2011-2012 жылдары 45 үйге жөндеу жүргізілді. 2013 жылы осы бағдарламаға ақша бөлінбеді. Алайда жергілікті билік Алмагүл ықшамауданындағы үш үйге жеделсаты орнату ақысын төледі. 2014 жылы 20 үй терможаңғыртудан өтті. А.Байшахановтың пікірінше, жалпы бағдарлама орындалды, тек жөндеу ақысына қатысты проблемалар туындады. 2013 жылы қаржыны қайтару 13 пайызды құрады, бүгінгі күні – 58 пайыз. Мердігерлер енді тұрғындар терможаңғыртуды төлеу міндеттемелеріне қол қойғаннан кейін жұмысқа кіріседі. Ал төлемегендерді сот арқылы жауапкершілікке шақырады. Бағдарлама басталғалы төлемеу бойынша 1,5 мың талап-арыз беріліп, бір мыңдайы қанағаттандырылды.
Әлі күнге дейін сумен қамту проблемаларынан қиындық көріп келе жатқан Махамбет ауданы Таңдай ауылының, Жылыой ауданы Тұрғызба ауылының, Индер ауданы Ынтымақ, Аққала, Құрылыс ауылдарының тұрғындары А.Байшахановтың «Атырау облысы елімізде ауыз сумен қамту бойынша көшбасшы орында тұр» деген сөзіне қатты таң қалатын шығар. «Ақ бұлақ» бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға қарай ауылдық елді мекендердің 80 пайызы ауыз сумен қамтылуы тиіс. Алайда дағдарыс салдарынан бағдарламаның жүзеге асыру қарқыны төмендеді.
– Дегенмен де, біз ауылдағы елді мекендердің 75 пайызы орталықтандырылған тәртіппен қамтылған республикадағы жалғыз облыспыз. Бағдарлама басталғанша бұл көрсеткіш 52 пайызға теңесті, - деп хабарлады А.Байшаханов.
Оның айтуынша, газбен қамту бойынша да біздің өңіріміз алдыңғы қатарда – елді мекендердің 77 пайызы көгілдір отынды қолданады. Қазір Құрманғазы ауданының шалғай 13 ауылына газ жүргізілуде. Бұдан басқа, ұзындығы 110 шақырым болатын «Индер – Махамбет» апатты газ құбырын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстарды жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Азғыр аймағына ерекше көңіл бөлінуде – 10 елді мекенге ЖСҚ дайындау аяқталды. Газдандыру жұмыстарын келесі жылы бастау жоспарланып отыр. Газ құбырының ұзындығы 365 шақырымды құрайды.
Таяу күндері қуаттылығы 100 мегаВатт болатын жаңа турбоагрегат пайдалануға берілгеннен кейін біздің облысымыз өзін электр энергиясымен толықтай қамтамасыз ете алады. Ал инвестициялық бағдарлама шеңберінде салыну жоспарланып отырған қуаттылығы 60 мегаватт болатын турбоагрегат көрші өңірлерге де электр энергиясын сатуға мүмкіндік бермек.
Зульфия ИСКАЛИЕВА