14-19 желтоқсанда орталық жүзу бассейнінде 2002 ж.т. ер балалар арасында су добынан Қазақстан Республикасы чемпионатының финалдық туры өтеді. Жарыс алдындағы атыраулық команданың мүмкіндіктері туралы жаттықтырушы Ернұр ҚОЙЛИЕВ (суретте)әңгімелеп берді.
«БАЛАЛАРДЫ МЕКТЕПТЕРДІ АРАЛАП ІЗДЕДІК»
- Ернұр, Атыраудағы су добы секциясының ашылу тарихын айтып өтіңізші.
- Мұнда жаттықтырушылық жұмысқа 2013 жылы кірістім. Сол кезде су добы секциясы ашылды. Бұған дейін екі жыл Таразда су добынан жаттықтырушы болдым, яғни, бұл жұмыспен таныспын. Атыраулық команда үшін 2001-2002 ж.т. балалар жиналды. Ішінде осы спорт түрі туралы білгендері аз еді. Мектептерді аралап, осы спорт түрін таныстыруға тура келді. Сол кезде 45 адам жиналды. Көбі жүзіп те білмеді, бәрін басынан бастауға тура келді.
Өткен жылдың қаңтарында Қарағандыда өткен ел чемпионатының бірінші турына қатыстық. Бұл балалардың алғашқы жарысы еді, қиын болды. Біз үлкен есеп айырмасымен барлық матчтарда ұтылдық. Екінші тур өткен жылдың наурызында Атыраудың орталық жүзу бассейнінде өтті. Бұл жолы сенімдірек ойнадық. «Астанамен» 5:5 есебімен тең түстік. Басқа командалардан ұтылдық, алайда 2-3 доп айырмасымен ғана жол бердік. Сондай-ақ, өткен жылы командамыз Қазақстан кубогын алды.
- Алдағы жарыстардағы командамыздың мүмкіндіктеріне қандай баға бересіз?
- Биыл біз бұрынғыдан жақсы ойнап жүрміз. Чемпионаттың бірінші туры сәуірде Қарағандыда болды. Жеті матчтың қорытындысы бойынша екінші орын алдық. Астанада өткен екінші турда бірінші орынға шықтық. Екі турдың қорытындысы бойынша екінші орында тұрмыз. Бірінші орындағы қарағандылықтармен арамызды екі ұпай бөліп тұр. Қалай болғанда да ел чемпионы атағы үшін күресетін боламыз.
- Финалдық турға қанша команда қатысады? Басты қарсыластарыңыз кімдер?
- Қарағандыдан, Оралдан, Тараздан және Астанадан екі команда келеді, бізбен қосқанда – 6. Басты қарсыласымыз – «Қарағанды».
«ТЕК ЖЕРГІЛІКТІ ОЙЫНШЫЛАРДАН КӘСІБИ КЛУБ ҚҰРҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ»
- Шәкірттеріңіздің ішінен кімдердің шоқтығы биік деп айта аласыз?
- Барлығының да болашағы бар. Алғашқы адам жинауда 45 болғанбыз, қазір 15 бала қалды. Бұлар - осы спорт түріне шынайы қызыққандар және жоғары деңгейде ойнағысы келетіндер. Бәрін басынан бастаған балалар бойында екі жарым жыл ішінде үлкен әлеует пайда болды. Никита Ковальчук, Әділ Мақсотов, Саматбек Кенжебай, Ғани Жұмабайды ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар, шәкірттеріміз Жасұлан Қайыров, Юрий Грузинцев, Серік Сабыртай, Павел Десятков және Даниил Белоусовтар үлгі бола алады. Бұларды Алматыдағы Қаркен Ахметов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған интернатқа шақырды. Қазір олар сол жерде жаттығып жатыр, олардың ұлттық құрамаға қосылуына мүмкіндіктері зор.
- Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?
- Өткен жылы маған су добының жаттықтырушысы, жерлесім Бағдат Дінбаев қосылды. Ол 2004 ж.т. балалар командасын жаттықтырады. Жалпы, қай спорт түрі болмасын, команда құрылғанда белгілі спортшыларды, легионерлерді шақырады. Ал біздің мақсатымыз – қарапайым атыраулық балалардан кәсіби клуб құру, оларды чемпиондыққа жеткізу. Үстіміздегі жылдың көктемінде екі жас ерекшелік командасын тарату туралы мәселе көтерілді. Қазір мұндай проблема жоқ, алайда сол жағдай бізге биліктің қолдауы керектігін анық көрсетті. Тәжірибе көрсеткендей, біздің үлкен әлеуетіміз бар.
Команданың мақсаттары туралы айтатын болсақ, тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де жарысқа қатысу жоспарымызда бар. Ресейдің ашық чемпионаттарына қатысқымыз келеді, онда деңгей өте жоғары.
- Біздің спортшыларымызға жанкүйерлік етуге келуге бола ма?
- Келу керек! Командамыз 14-19 желтоқсан аралығында күн сайын сағат 18.00-ден 19.00-ге дейін ойнайды.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор