Бір айдан аса уақыт бұрын Молдағұлова және Жарбосынов көшелерінің қиылысында ЖКО болып, нәтижесінде автокөлік тұрғын үйдің қабырғасына соқты. ЖКО-ға кінәлі адам өз айыбын мойындап, Молдағұлова көшесі, №202 үйдің иелеріне бұзылған қабырғаны қалпына келтіруге көмектесті.
ЗАРДАП ШЕККЕН ҮЙЛЕР
Дегенмен де, бұл осы жол қиылысында болған бірінші ЖКО емес.
Үстіміздегі жылдың қаңтарында осы жерде Кia мен Toyota Hilux пикап автокөліктері соғысты. Соққының қатты болғаны соншалық, пикапты жанына лақтырып жіберіп, ол электр тарату желісінің бағанасын құлатты, ал соқа, өз кезегінде, Молдағұлова көшесі, №213 үйдің шатырын бүлдірді. Ал 2013 жылдың қазан айында осы жерде Toyota Land Cruiser автокөлігі мен «Теңізшевройл» компаниясының автобусы қақтығысып, нәтижесінде автобус Молдағұлова көшесі, №211 үйге кіріп кетті және үй иесі жарақаттанып, ауруханаға түсті. Атырау облыстық ІІД-нің әкімшілік полиция басқармасы (ӘПБ) деректері бойынша, осы жылы Жарбосынов – Молдағұлова көшелерінің қиылысында материалдық шығындары бар 4 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Жол қиылысының осыншама қауіпті екенін ескеріп, осы жерге түрлі қолда бар техникалық құралдарды – бағдаршам, жасанды жол кедергілері және т.б. – орнатқан дұрыс шешім болар еді. Осындай бағытта жіберген редакциялық сауалымызға ӘПБ былай жауап берді: «Жүргізілген тексерудің нәтижелері бойынша Жарбосынов көшесі бойынша екі жақтан “Тоқтаусыз қозғалысқа тыйым салынады"2.5 жол белгісін орнатуға нұсқама берілді. Осы қиылысқа бағдаршам нысанын орнату 2015 жылы қарастырылмаған».
Полиция өз есебінде Атырау қаласында жүргізген зерттеулері бойынша 12 апат қаупі бар учаскелерді анықтағанын және солар бойынша жергілікті атқарушы органдарға «жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру бойынша» нұсқамалар берілгенін де атап өтті.
«ДЕМАЛЫС КҮНДЕРІ БҰЛ ЖЕРЛЕРДЕН ӨТУ ӨТЕ ҚИЫН»
Біз редакция жүргізушілерімен бірге кейбір қауіпті учаскелермен жүріп өттік.
Жарбосынов – Молдағұлова қиылысы (апат қаупі бар учаскелердің ресми тізіміне кірмейді). Бұл жерде Молдағұлова көшесі басты жол, Жарбосынов – қосалқы жол. Жарбосынов көшесінің екі жағынан да «Жол беріңіз» белгісі орнатылған. Молдағұлова көшесі бойында «Басты жол» белгісі тек Атырау ықшамауданы бағытына қойылған, Сәтпаев даңғылы бағытында белгі жоқ.
Владимирск көшесі – «Қазақстан» қонақ үйі. Жолдың осы учаскесіндегі Сәтпаев даңғылы және Владимирск көшесі қиылысы - қозғалыстың ең қарбаласқан жері. Бұл жерге барлық қажетті белгілер мен бағыттық белгілері бар бағдаршам орнатылса да, қозғалыс қиын.
- Көбіне проблеманы қозғалыс қатысушыларының өздері туындатады, - дейді жүргізушіміз. – 1-жолақтан солға қарай Владимирск көшесіне бұрылуға рұқсат, екінші жолақпен тіке, үшінші жолақпен оңға – Ерниязов көшесіне бұрылу керек. Алайда көптеген жүргізушілер күткілері келмей, ереже бұзып, солға қарай екінші жолақтан, кейбірі үшінші жолақтан бұрылады. Бұл «Мешіт» аялдамасына тоқтап, содан кейін Владимирск көшесіне бұрылатын жолаушылар автобусы жүргізушілеріне проблема тудырады. Олардың бірінші жолаққа шығуына мүмкіндік жоқ. Аялдама осы қиылысқа тиіп тұр. Сонымен қатар, осы қарбаласқан қиылыста орнатылған бағдаршамның жасыл белгісі аз уақыт жанады, сондықтан жүргізушілер үлгеруге асығады.
Құрманғазы көшесінің «Гелиос» жанар май құю бекеті маңы. Жол айырығы өткелінен түсетін қауіпті учаске.
- Бұл жерде айналма қозғалысқа рұқсат етілген жерді көрсеткен белгі бар. Алайда жүргізушілер артық метрлер жүруге ерініп, рұқсат етілмеген жерден бұрылып, апатты жағдай тудырады. Бұл жер қыстыгүні тайғақ кезде өте қауіпті, - дейді біздің сарапшымыз.
Құрманғазы көшесі №5 үйдің қарсы тұсы. Бұл да өте қарбалас жер. Қасында супермаркет, жолдан кейін құрылыс дүкені бар.
- Қазір жол айрықтары кетіп қалған, алайда бұл жерде тұтас жолақ бар. Дегенмен, көптеген жүргізушілер супермаркет пен құрылыс дүкенінен шыққанда тұтас жолақты кесіп өте береді. Бұл жерде, сондай-ақ, автобус аялдамасы мен жаяу жүргінші өткелі бар. Қарбалас уақыттарда қозғалыс қатты қиындайды.
Құрманғазы және Әлиев көшелерінің қиылысы. Қиылыста бағдаршам орнатылған, алайда...
- Бұл жүргізушілер үшін бас ауыртатын жер. Бұл - өте қарбалас учаске. Ауыр жүк көліктері көп. Әлиевтен Құрманғазы көшесіне бұрылу өте қиын. Проблеманы бағыттық белгілері бар бағдаршам орнату арқылы шешуге болады.
Құлманов көшесі мен Ерниязов көшесінің қиылысы. Бұл жерде Құлманов көшесі – қосалқы жол, Ерниязов – басты жол. Құлманов көшесінің екі жағында да «Жол беріңіз» белгісі орнатылған, Ерниязов көшесі бойындағы «Басты жол» белгісі тек Сәтпаев даңғылы бағытында ғана тұр, қарсы бағытта жоқ.
- Бұл учаскеде жол белгісін бірнеше рет ауыстырды. Қай жол басты, қай жол қосалқы екеніне енді ғана үйрене бергенде, ауыстырып тастайды, кейде ұмытып кететін жағдайлар болады.
Орталық көшелер мен ұсақ көшелерді аралап жүріп мен жеке меншік сектор массивіндегі ешқандай белгі орнатылмаған қиылыстар бар екенін көрдім. Бұл жерлерде жаяу жүргіншілер жүретін тротуарлар да бар. Бір мысал - Өтегенов көшесі мен Алтынсарин көшелерінің қиылысы.
Бұл учаске ӘПБ қызметкерлері ұсынған тізімде жоқ, алайда назар аудармаса болмайды: вокзал мен «Дина» базары маңындағы учаске.
- Вокзал маңындағы жол бағдаршамдарға толы, алайда, менің ойымша, дұрыс қойылмаған. Көліктер ағынын жіберуге арналған уақыт өте қысқа. Бағдаршам тұсындағы жаңа жүргіншілер жолына жақын жатқан бұрынғы «зебрадан» қалған ізді адамдар жүргіншілер өткелі деп ойлап, сол жермен жүруді жалғастырады. Осы жерден жерасты өткелін салу керек. Нағыз қарбалас «Дина» базары алдында. Бұл жерде жол тар, таксилер, жеке көліктер жол шеттеріне қойылады. Базардан және үйлердің арасынан шыққан машиналар да бір-біріне үлкен кедергі жасайды. Көліктен қорықпайтын жаяу жүргіншілер де жағаласып әлек. Демалыс күндері жүру мүмкін емес, - деп сөзін қорытындылады менің сарапшым.
ІІД ӘПБ деректері бойынша Атыраудағы апат қауПі бар жол учаскелері:
1. С. Датұлы көшесіндегі «Залина» дүкеніне қарсы және Элеватор көшесінің қиылысы
2. С. Датұлы көшесіндегі теміржол басқармасы маңы
3. Азаттық көшесіндегі №№128, 130, 163 үйлер мен «Империум Плаза» мейрамханасы маңы
4. Әуезов көшесіндегі Жилгородок соңғы аялдамасы ауданы
5. Баймұханов пен С. Датұлы көшелерінің қиылысы
6. Құнанбаев көшесіндегі №№15«а» және 10 үйлер маңы
7. Құлманов пен Ерниязов көшелерінің қиылысы
8. Владимирск көшесінің «Қазақстан» қонақ үйі маңы
9. Құрманғазы көшесіндегі №5 үйдің маңы
10. Құрманғазы көшесіндегі «Гелиос» ЖЖБ маңы
11. Ерниязов пен Жарбосынов көшесінің қиылысы
12. Құрманғазы және Әлиев көшелерінің қиылысы
ІІД ӘПБ берген комментарийлерден түсінгеніміз, әкімшілік полиция барлық апат қаупі бар жол учаскелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға жол қозғалысын реттеу техникалық құралдарын – жол белгілерін, бағдаршамдар, жасанды кедергілер және тағы басқаларды орнатуға, қайта салуға, ауыстыруға нұсқамалар берген екен.
Ал бұған Атырау қаласы әкімдігі жауап береді.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суреттерді түсірген автор