Махамбет ауданына қарасты Есбол, Ортақшыл, Еңбекшіл, Ақжайық, Алға ауылдары мен «Өткел» (бұрынғы Лесхоз) елдімекені тұрғындарының аудан орталығымен қатынауы мұңға айналды. Өйткені, бір жағадан екінші жағаға тасымалдайтын 1949 жылы құрастырылған катер тесіліп қалған. Ал, мәселенің шешімі болар көпір әлі салынуда. Оны тапсыру 2016 жылға жоспарланған. Әзірге ауыл тұрғындары өз өмірлерін қатерге тігіп, қарсы жағаға тесік катер арқылы қатынауға мәжбүр.
сіресе, «Өткел» елді мекенінде тұратын оқушылар үшін қиын. Олар аудан орталығы – Махамбет поселкесіндегі О. Шонаев атындағы орта мектепке барады.
- Катер істен шыққанда сағаттап тұрып қалады. Оны жөндеп болғанша, амалсыздан қайыққа мінуімізге тура келеді, - дейді Роза есімді «Өткел» елдімекенінің тұрғыны. - Қара күзде қатты жел тұрған кезде қайық аударылып қала ма деп, қалтылдап зәреміз ұшады, ал қыста қайықта отыру бір азап, үсіп кете жаздаймыз. Мұз қатқанша көретін күніміз осы.
Тозығы жеткен катерді жөндеу үшін 8 млн теңге қаржы керек. Бұл қаржының мәселесін жергілікті әкімдік былтыр шешіп береміз деп сөз бергенімен, орындамаған. Ал бір ай жарым бұрын Құрманғазы ауданынан пайдаланылып келе жатқанына 30 жыл болған тағы бір катер әкелінген.
- Ол катер де әбден ескірген. Катерді қырып тазартқанда тесіліп қалып жатыр. Біз қаладан мамандарды күтіп отырмыз. Олар катерді қарап, жөндеу қажет-қажет еместігін анықтайды. Тағы бір проблема бар, өзен тайызданып бара жатқандықтан паромды жағаға әкелу қиындық туғызуда, - дейді паромды өз балансында ұстап отырған «Тұрмыс-Қызмет» ЖШС-нің директоры Мұрат ЕРШИКОВ.
Ал, Махамбет ауданы әкімінің міндетін атқарушы Азамат АЙМАНАКУМОВТЫҢ айтуынша, катерді жөндейтін мекемені таңдап, бюджеттен қажетті қаражатты сұрату біраз уақыт алады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА