Облыс аудандарында нан бағасы қымбаттап кетті. Әр ауылда баға әртүрлі – нанның салмағына қарай 50 теңгеден басталып, 80-100 теңгеге дейін құбылады.
Индер ауданында қуатты деген үш наубайхана жұмыс істейді. Оның біреуі - Көктоғай ауылында, екеуі - Индербор кентінде. Аудан орталығындағы наубайханалар нанды 50 теңгеден ұсынғанымен, одан сатып алушы дүкендер мен базар саудагерлері халыққа 20-25 теңге үстеме қосып сатуда.
- Біз бір бөлке 550-580 грамдық нанды 50 теңгеден сатамыз. Батон бағасы да осындай. Бірақ біздің нанды 30-40 теңгеге үстеме бағасымен ұсынатын дүкендер бар. Ал кейбірі 10 теңгеге ғана көтереді. Негізі ұн қымбат, біз аудандық әкімдіктің араласуымен арзанына қол жеткізіп отырмыз. Астық қымбаттаса, нан бағасы да өсетіні белгілі ғой, - дейді «Қайша» наубайханасының қызметкері Самал УТЕГЕНОВА.
«Талап» базарында да нан бағасы - 80 теңге. Олардың арасында үйден пісіріп сататындар бар.
Есбол ауылында нан бағасы 80-100 теңге аралығында. Бұл ауылға нанды Атыраудан аптасына екі рет барып әкеледі. Осы ауылдағы «Ернұр» дүкенінде 485 грамдық нан 100 теңгеге сатылуда! Дүкен сатушысы мұны астықтың қымбаттап кетуімен түсіндірді.
Бұл ауылда шағын наубайханасы бар кәсіпкер Элмира ЖЫЛЫШПАНОВА күніне 20 нан пісіріп, балабақшаға өткізіп тұрады.
- Пісіретін нанды көбейтуге болар еді, бірақ наубайханамда жылу жоқ, көмекшім де жоқ, - дейді наубайхана иесі.
70 мыңға жуық халқы бар Жылыой ауданында 12 наубайхана күніне 6-7 мың бөлке нан пісіреді. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімнің мәліметінше, нан 55-60 теңгеден сатылуда, қазір сол бағаны ұстап тұруға тырысуда. Аудан жоғары сұрыпты ұнды Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан, ал, екінші сұрыпты ұнды Ақтөбе облысының Бейнеу ауданынан сатып алуға меморандум арқылы келіскен. Ұнды жеткізуші оператор болып белгіленген «Атырау-Сауда» ЖШС Оралдағы «Желая астық өнімдері комбинаты» АҚ-нан 254 тонна бірінші сұрыпты ұнды 53 теңгеден жеткізген.
Құрманғазы ауданында «Құралай» және «Мерей» наубайханалары жұмыс істейді.
- Астықты біз Оралдағы «Ақжайық» ЖШС-нен сатып алып отырмыз. Нанның орташа бағасы - 70-75 теңге. Жасыратыны жоқ, Дәшін, Шортанбайда жоғары сортты нан бағасы 85 теңге. Бүгінде 26 түрлі азық-түлікті бақылауға алып отырмыз. Шектік бағаны жылдың аяғына дейін ұстап тұруға жұмыстанудамыз, - дейді Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жандос БЕКТЕМІРОВ.
Мақат ауданындағы «Әсел» наубайханасында 700 грамдық нан 80 теңгеден сатылуда.
Махамбет ауданындағы төрт наубайхананы ұнмен қамту үшін 240 тонна ұн сатып алынған. Бүгінде ауданда нан бағасы 55-60 теңге аралығында.
Ал, Қызылқоға ауданындағы жеті наубайхана қалыпты жұмыс жасауда. Бірінші сұрыпты нан 45-50 теңгеден сатылуда. Базарда үйден нан пісіріп сататындар көбейген.
Исатай ауданы бойынша төрт наубайхана жұмыс жасап тұр, олардың екеуі аудан орталығы Аққыстауда орналасқан. Жеке кәсіпкер К.БАХИТОВТЫҢ иелігіндегі «Бек-Нұр» наубайханасы нанды үш балабақша мен 28 дүкенге жеткізеді. Жеке кәсіпкер М.ҚАДИМОВТЫҢ иелігіндегі «Әли-Нұр» наубайханасы төрт балабақша мен 30 дүкенді нанмен қамтып отыр.
Ал, Жанбай ауылдық округінде жеке кәсіпкер Л.ТАСТАНОВА мен жеке кәсіпкер Е.ТЛЕПКАЛИЕВТІҢ иелігіндегі наубайханалар жергілікті тұрғындарды нанмен толық қамтып отыр.
Нан ауданда 60 теңге тұрады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА