АҚШ вице-президенті Джо Байден. Киев, 7 желтоқсан 2015 жыл. АҚШ Украинаға қауіпсіздігін нығайту үшін тағы 300 миллион доллар қаржы беруі мүмкін деп мәлімдеді АҚШ вице-президенті Джоф Байден.
Оның сөзінше, АҚШ конгресі Украинаға көмек беру туралы заң жобасын қарап жатыр. "Әзірге ол қабылданған жоқ. Бірақ қабылданады деген үмітім бар" деген Байден Киевте Украина премьер-министрі Арсений Яценюкпен бірге өткізген баспасөз жиынында.
Байден Украина билігі елде экономикалық өрлеу жалғасуы үшін Халықаралық валюта қорының ұсыныстарын орындап, халықаралық қауымдастықпен жұмыс істеуі тиіс екенін мәлімдеді.
Он билік құрылымында 27 жасынан бастап жұмыс істегенін және билік тармақтары арасында ынтымақтастық орнатудың қаншалықты қиын екенін түсінетінін айтты.
Байден екі жыл бұрын Майданда болған құрбандардың үмітін ақтау қажетін, қызғылт сары төңкерістен кейін украин халқының үміті коррупция, мемлекетте билік институттарының әлсіздігінен ақталмай қалғанын жеткізді. "Мен бүгін Майданда болдым. Ондағы құрбандарға арнап қойылған ескерткішке тағзым еттім. Украиналықтар көп үміт күтеді" деді АҚШ вице-президенті.
Дереккөз: Азаттық радиосы