Пентагон Дэйр әл-Зор қаласындағы Сирия армиясының лагерін бомбалаған Ресей ұшақтары екеніне "сенімді". Бұл туралы АҚШ қорғаныс министрлігінің аты-жөнін атамаған өкілі мәлімдеді. Шабуылдан сириялық үш сарбаз қаза тауып, 13-і жараланған.
7 желтоқсанда ресми Дамаск БҰҰ-ға хат жолдап, АҚШ бастаған коалицияны 7 желтоқсанға қараған түні әскери лагерлерін бомбалады деп айыптаған. Сирия билігінің мәліметі бойынша, шабуылға төрт ұшақ қатысқан.
АҚШ айыптауды жоққа шығарып, коалиция ұшақтары "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының бақылауындағы мұнай кеніштеріне әуеден соққылар бергенін мәлімдеген. Бұл кен орындары әскери лагерден 55 километр қашықтықта орналасқан. "Бізде Сирия әскері шабуыл жасалған аймақ маңында болғаны туралы ешқандай нұсқау болмады" делінген коалиция күштерінің мәлімдемесінде.
Агенттіктер сілтеме жасаған Пентагондағы құпия дереккөз радарлар Сирия әскеріне соққыны Моздоктағы базада орналасқан Ресейдің Ту-22 бомбалаушы ұшақтары жасағанын көрсеткенін айтады. Ресей ұшақтары үш қалаға, оның ішінде Дэйр әл-Зорға шабуылдаған. Бұл қаланың көп бөлігі исламшыл радикалдардың бақылауында. Ресей ұшақтары Сирия армиясына қателесіп соққы беруі мүмкін.
Америкалық әскерилер Ресейді Сириядағы әуе шабуылдарында басқарылмайтын бомба мен зымыран қолданды деп бірнеше рет айыптаған.
Сирия билігі коалиция күштеріне бірінші рет айып тағып отыр.
Дереккөз: azattyq.org