НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг (суретте) альянс Сирияға "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымымен күреске құрлықтағы әскерін жөнелтпейді деп мәлімдеді.
Швейцарияның Tages-Anzeiger басылымында жарияланған сұхбатында Столтенберг альянс пен оның одақтастарының күн тәртібінде НАТО-ның құрлықтағы күштерін АҚШ бастаған коалицияның әуе шабуылдарына қосу мәселесі тұрмағанын айтты. Столтенберг "АҚШ-тың арнайы күштерінің саны шектеулі, бірақ жергілікті күштерді күшейту - жалғыз амал" деген.
Столтенберг бұған қоса НАТО түркиялық әскерилер Ресейжің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсіргеннен кейін Түркияның әуе қорғанысын жақсартуға көмектесетінін айтты.
Ресей "Қиыр солтүстіктен Жерорта теңізіне дейін" әскери әлеуетін арттырып жатқанын айтқан Столтенберг Түркиядағы төтенше оқиғалардың алдын алудың маңызды екенін де жеткізген.
АҚШ президенті Барак Обама кеше өзінің ИМ-мен күрес стратегиясында Сирия мен Иракқа құрлықтағы әскер түсіру жоспары жоғын мәлімдеген. Бірақ Пентагон Сирияға шағын ғана элиталық арнайы күштерді жеткізу жоспары барын айтады.
Дереккөз/фото: azattyq.org