Ресей бас прокуратурасы «Экономикалық және құқықтық даму жөніндегі америка-ресей қорын» (USRF) «жағымсыз ұйым» деп таныды. Бұл туралы бүгін прокуратураның ресми сайтында хабарланды.
Прокуратураның ұйғарымы бойынша, USRF «шетел агенті» міндетін атқарған үкіметтік емес ұйымдарға қаржылай көмек көрсеткен және «қор қызметі Ресейдің конституциялық құрылымы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді». Бұған қоса, қор президенті, АҚШ азаматы Марк Помарға 2025 жылға дейін Ресейге кіруге тыйым салынған.
USRF қоры Ресейде 2009 жылдан бері қызмет етеді және ол Ресейдегі экономикалық және құқықтық дамуға арналған үкіметтік емес жобаларды қаржыландырады.
Ресей «жағымсыз» деп тапқан халықаралық және шетелдік ұйымдар қатарында «Демократияны қолдау ұлттық қоры», «Ашық қоғам» қоры бар. Ресей заңдарында «жағымсыз» деп танылған ұйымдармен ынтымақтастық орнатқандарды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған.
Дереккөз: Азаттық радиосы