Атырау, 22 желтоқсан 06:08
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

2 248 просмотра

Тайбокс

Image 0Өтіп бара жатқан жылда «Қайсар» спорт клубының Индер ауданы Көктоғай ауылындағы бөлімшесі үздік нәтижелер көрсетті.

Жаттықтырушы Дастан ЖҰМАХАНОВ былай дейді:

– Бөлімше осы жылдың наурыз айында ашылды. Директор Анар Үмбешованың арқасында Б. Нысанбаев атындағы мектеп-интернаттан орынжай алдық. Қабырғаларды ақтап-сырлап, қапшық, арқан іліп, қоссырық, белтемір орнаттық. Балалардың спортқа деген қызығушылығын ояттық. Дегенмен спорт залымыз кішкентай, 13х6 метр, айналуға келмейді. Қазір секциямызда отызға жуық бала шұғылданады.

Сәуір айында «Мұнайшы» спорт кешенінде балалар мен ересектер арасында Атырау қаласының ашық чемпионаты өтті. Бұл жарысқа көктоғайлық спортшылар да қатысты. Турнирдің «алтын» жүлдесі мен «Үздік техникасы үшін» арнайы сыйлығын Жанболат Ғилымғалиев жеңіп алды. Жәнібек Дархан, Өмірбек Ақымғалиев және Әбсаттар Хайруллин Көктоғайға күміс әкелді. Мерген Нұрсұлтан, Тимур Зинеденов, Бақдәулет Назаров, Руслан Қараман, Бекзат Жұмашев, Әбіл Дарен, Арман Бекетов және Бексұлтан Құрмашев қолаға қол жеткізді.

Қазан айында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ашық қала біріншілігінде бес көктоғайлық қатысып, барлығы да жүлдемен оралды: «алтын» - Ж. Дархан және Р. Қараман, «күміс» - М. Нұрсұлтан және Айболат Ғилымғалиев, «қола» - Ж. Ғилымғалиев.

Суретті түсірген Д.Жұмаханов

Бокс

Финляндияның Тампер қаласында ерлер арасында «А» сыныпты халықаралық турнир өтіп, оған облыс құрамасы қатысты.

Нәтижелер: 91 келіге дейінгі салмақта «күміс» – Рахман Әлжанов, 69 келіге дейінгі салмақта «қола» – Азамат Досмағамбетов. Қалған облыс құрамасының мүшелері жүлдесіз оралды.

Күрес

«Атырау» ДСК-нде спорт шеберлігіне үміткер Тұрлан Нұрмұхановты еске алуға арналған 2000-02 ж.т. ер балалар арасында еркін күрестен ІІІ ашық республикалық турнир өтті.

Жарысқа Дағыстан, Шешенстан, Қалмақия, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанның 13 облысынан 300-ге жуық спортшы қатысты, көпшілігінің өз елдері чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегері деген атақтары бар. Атыраулық палуандардың арасында 58 келіге дейінгі салмақта Әлфараби Ақжігітов «алтын» алса, Асхат Беркімбай, Жастілек Шамарданов және Абай Лұқпанұлы өз салмақ дәрежелерінде «күміс» иеленді. Кезінде Тұрлан Нұрмұхановтың өзі өнер көрсеткен 42 келі салмақта жеке сыйлық – 50 мың теңге тігілді. Ол алматылық спортшының қанжығасында кетті. Сыйлықты облыстық спорттық және әскери самбо федерациясының президенті Арман Тоғаев тарту етті.

Облыс құрамасын жаттықтырушылар А. Жаманбаев, А. Лекеров, Т. Исламғазиев, А. Омарғазиев, С. Шыныбеков, Д. Қабдолов және К. Баспаев дайындады. ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Әсет Серікбаев турнирдің құрметті қонағы болды. Спортшылар мен жаттықтырушылар турнирді ұйымдастыру шығындарын мойнына алған облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Қайрат Құлымұлы Оразбаевқа алғыс айтады.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

3 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.