11-13 желтоқсанда «Атырау» ДСК-нде облыс тарихында алғаш рет ерлер, әйелдер, жасөспірімдер және ер балалар арасында спорттық және әскери самбодан Азия чемпионаты өтеді. Жарысқа Жапония, Үндістан, Корея, Ауғанстан, Иран, Моңғолия, Малайзия, Орталық Азия елдерінің мықты спортшылары қатысады. Осы ірі турнирге дайындық барысы туралы облыстық спорттық және әскери самбо федерациясының президенті Арман ТОРҒАЕВ (суретте) әңгімелеп берді.
- Қаламыз Азия чемпионатын өткізу құқығына қалай ие болды?
- Биыл біз екі халықаралық турнир ұйымдастырдық – ақпан айында облыс полиграфиясының ардагері Мырзабай Тоғаевты еске алуға арналған әскери самбодан, сәуірде ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Қошқарбай Табынбаевты еске алуға арналған спорттық самбодан турнир. Осыдан кейін республикалық федерация Атырауда 2015 жылғы Азия чемпионатын өткізу туралы өтінімге бізден келісім алып, оны Халықаралық самбо федерациясына (FIAS) жолдады.
Бізбен бірге Ашхабад (Түркіменстан), Душанбе (Тәжікстан) және Гоа (Үндістан) өтінім берді. Алайда FIAS спортшылар мен жаттықтырушылардың пікірін басшылыққа алып, Атырауға комиссия жіберді. Шілде айында қаланың спорттық нысандары мен қонақ үйлерін қарауға Азия самбо одағының президенті Аламжон Муллаев келді. Ол Атырау осындай деңгейдегі жарысты өткізуге қабілетті деген шешім шығарды.
- Жарыстарға дайындық қалай жүріп жатыр?
- Дайындық аяқталды. Жеңіс тұғыры, 4х6 метр көлемді LED-экран дайын, КАZsport телеарнасымен трансляция жүргізуге шарт жасалды. 57 медаль жинағы құйылды, бағалы сыйлықтар әзірленді - әр жүлделі орын иегеріне Қазақстан картасы салынған сыйлық тәрелке тарту етіледі. Чемпионат жеңімпазына автоматты түрде халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы беріледі.
- Белгілі қонақтардан кімдер келеді деп күтесіздер?
- FIAS президенті Шестоковты, Азия самбо одағының президенті Муллаевты, ҚР самбо федерациясының президенті Сәкен Мейірбековты, оның басқа елдердегі әріптестері: қырғыз Нұрлан Тоқонаевты, кәріс Мун Ченг Кимді, түркімен Ату Адаевты, өзбек Равшан Ахмеджановты күтеміз. Сонымен қатар, 1980 жылғы олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, 2008 жылғы олимпиаданың қола жүлдегері Арман Шілманов, әскери самбодан үш дүркін әлем чемпионы Арман Оспанов және тағы басқалар шақырылды.
- Атырау намысын кімдер қорғайды?
- 48 келіге дейін – Асқар Есбосынов, 52 келіге дейін (әскери самбо) – Әсет Әлдешов, 52 келіге дейін – Әбу Аманжан және Қайырберды Айдынбай, 56 келіге дейін - Парасат Жұмабай, 68 келіге дейін – Дәурен Болатбекұлы, 74 келіге дейін – Жандос Иманбаев, 74 келіге дейін (әскери самбо) – Қанағат Батыршиев, 82 келіге дейін – Елшат Әбу және Ержан Қабделов, 82 келіге дейін (әскери самбо) – Рустамбек Жиреншиев, 87 келіге дейін – Райымбек Ашықбаев. Әйелдер арасында: 65 келіге дейін – Әнел Сүлейменова, 72 келіге дейін – Қалжан Тайжанова және 80 келіге дейін – Эльмира Самиғоллаева. Атыраулық спортшыларды облыстың аға жаттықтырушысы Қайрат Досқалиев дайындайды.
- Қанша жүлде аламыз деп үміттеніп отырсыздар?
- Облыс қоржынына кемінде бес жүлде саламыз деп отырмыз. Жалпы, Қазақстан құрамасы соңғы жылдары Азия чемпионаттарында командалық бірінші орын алып жүр. Бұл чемпионат та солай болады деп үміттенемін. Мен 11 желтоқсанда тартысты самбо айқастарын көруге баршаңызды «Атырау» ДСК-ге шақырамын. Айқастардың басталу уақыты – 9.00. Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі 17.00-де.
Сонымен қатар, чемпионатты ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсеткендері үшін облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанға, қала әкімі Нұрлыбек Ожаевқа, жекпе-жектер қауымдастығының төрағасы А. Шілмановқа, бір топ кәсіпкерлерге алғысымды айтқым келеді.
Сұхбаттасқан Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ