Еліміздің бүкіл өңірінде «Қазпошта» АҚ-ның жаңажылдық «Аяз Атаға хат жаз» атты акциясы басталды. Балалар мейірімді сиқыршыға хат жазып, оны Абай көшесі, 6 мекен-жайындағы бас пошта бөлімшесіндегі арнайы жәшікке қалдыра алады.
– Хатты балалардың 3 желтоқсаннан бастап жаза берулеріне болады, - дейді «Қазпошта» Атырау филиалының бас маркетологы Әйгерім ЖҰМАШЕВА. – Әлеуметтік қорғалмаған отбасының балалары мен жетім балалардың хаттарына басымдық беріледі. Хаттарды қабылдау 20 желтоқсанда аяқталады.
Анықталғандай, «Аяз Атаның арнайы комиссиясы» әр өңірден он хатты іріктеп, олардың авторларына сыйлықтар табыс етеді екен. Акцияға 4-тен 12 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Байқаудың басты шарты – балалардың өздері хат жазуы немесе сурет салуы тиіс, пошталық байланыс бөлімшелерінен конверттерді маркалармен бірге сатып алу керек.
Айта кету керек, өткен жылғы акция облысымыздың әр түкпірінен бірнеше жүздеген хат жинаған болатын. Пошташылардың өздерінің айтуынша, балалар негізінен мейірімді сиқыршыдан ең соңғы шыққан айфонды, жаңа ноутбуктер мен планшеттерді сұраса, енді біреулері «анасы мен әкесінің» ешқашан ұрыспауларын және қарындас, інілері болса деп сұрапты. Емделіп, қайтадан жүре бастасам деп армандаған балалардан да хаттар келген екен.
Анастасия ПАСТУХОВА