Махамбет аудандық прокуратурасы «АтырауМұнай» ЖШС-нен 137 жұмысшының уақытылы ала алмай жүрген еңбекақыларын өндіріп берді.
2015 жылдың шілде айында төленбеген еңбекақының көлемі 10 млн 467 мың теңгені құрады.
- Осылайша ЖШС ҚР Конституциясының 24-бабы 2-тармағында көрсетілген құқықтарын бұзған («Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар»), - дейді Махамбет аудандық прокуратурасының аға прокуроры Ақтолқын БУДЕНОВА. - ҚР Еңбек Кодексінің 23-бабы 2-тармағы 5-тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақытылы және толық мөлшерде төлеуге міндетті. Сондай-ақ, осы Кодекстің 134-бабы 1-тармағына («Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдері») сәйкес, жалақы айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуі тиіс.
Махамбет аудандық прокуратурасының ұйғарымымен жұмысшылардың еңбекақысы толық төленіп, еңбек заңнамасының бұзылуына жол берген ЖШС басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА