Кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағында облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандары ҚР «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Заңына енгізілген өзгерістер туралы түсіндірді.
Департаменттің тамақ нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Әлия БЕКЕШЕВАНЫҢ айтуынша, эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз нысандарға жататын 50 орынға дейінгі қоғамдық тамақтану орындары немесе алаңы 50 шаршы метрге дейінгі сауда орындары қызметінің (пайдаланылуы) басталғаны және тоқтатылғаны туралы мемлекеттік органды, бұл ретте - нысанның мекенжайына байланысты облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментін немесе қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасын хабардар етуге міндетті. Әрі қарай олар жоспарлы тексеруден босатылады. Алайда, егер тұтынушы аталмыш нысанның қызмет сапасына немесе тұтынған тауар, тамақ өнімі сапасына шағымданса, жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
Бүгінде Атырау облысында 2 436 тамақ нысандары болса, соның ішінде эпидемиологиялық маңыздылығы жоғары нысандар (жекеменшік және мемлекеттік білім беру мекемелері, санаториялық және емдеу мекемелері, алаңы 50 шаршы метрден жоғары қоғамдық тамақтану орындары) саны – 1 060, эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз нысандар саны – 1 376.
Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті қазір бақылауға алынбаған және санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ нысандар мен бақылаушы органдарды өз жұмыстары жөнінде хабардар етпеген эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз нысандарды анықтау жұмыстарын жүргізуде.