Қашаған кен орнының операторы NCOC N.V басқарушы директоры Стефан Де Майё лауазымынан кетті.
Оның орнына Эксон Мобил Қазақстан компаниясын басқарған Бруно ЖАРДИН келді.
NCOC баспасөз қызметі бізге Стефан Де Майёнің кеткенін растап, ресми ақпарат береміз деп сөз берді.
Естеріңізге салсақ, ЭксонМобилден жіберілген Стефан Де Майе NCOC басқарушы директоры лауазымына 2014 жылғы 1 мамырда отырған еді.
Бүгін, 27 қарашада, NCOC баспасөз қызметі басшылықтың ауысуы туралы хабарлады: «Қашаған жобасында 2014 жылғы 1 мамырдан бері істеп келе жатқан Стефан де Майё мырза НКОК Н. В. басқарушы директоры лауазымынан кетті.
Де Майё мырза өзінің Басқарушы директор лауазымын атқарған кезінде Солтүстік Каспий жобасының операциялық моделін қайта ұйымдастыруды басқаруды сәтті жүзеге асырды және осының арқасында 2015 жылдың маусымында бірыңғай біріккен оператор компания құрылды. Ол, сонымен қатар, құбыр желісін қалпына келтіру бойынша жобаны іске қосуда, сондай-ақ, құбыр желісі қалпына келтірілгеннен кейін өндірісті кері бастауға теңіз және құрлық кешендерінің өндірістік құрылғыларының дайын болуына бағытталған «Аяқтау. Жақсарту. Техникалық қызмет көрсету. Консервация. Қолданысқа енгізу» арнайы бағдарламасын жүзеге асыруды бастауда да маңызды роль ойнады. Мердігер Компаниялар жоба аясындағы ағымдағы жұмыстар жоспарға сәйкес орындалып жатыр деп есептейді және мұның Қазақстан экономикасына үлкен үлес қосатынына сенімді.
НКОК-тың басқарушы директоры лауазымы жұмысына бір-екі аптаның ішінде Бруно ЖАРДЭН кіріседі, ол қазір «ЭксонМобил Казахстан Инк.» басқарушы директоры және Қазақстан бойынша біріккен жобалар жөніндегі менеджер қызметін атқаруда.
Жардэн мырзаның отыз жылдан астам басшылық жұмыстарда халықаралық тәжірибесі бар. Ол ЭксонМобилдің мұнай операциялары бойынша түрлі ірі жобаларын басқарған. Оны Солтүстік Каспий жобасы операторы-компаниясының басшысы ретінде тағайындауды Консорциум акционерлері бір ауыздан қолдады».
Сәуле ТАСБОЛАТОВА