Дзюдодан облыстың жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Рашид ҚҰЛБАЕВ (суретте) шәкірттерінің өтіп бара жатқан жылдағы жетістіктері туралы әңгімелеп берді.
- Облыс құрамасының мүшелері биыл сәтті өнер көрсетті деп ойлаймын. Ақпан айында «Атырау» ДСК-нде өткен Қазақстан чемпионатында 55 келіге дейінгі салмақта Қанат Сейілхан алтын медаль алды. Осы салмақта Мұрат Дошахаев жақсы өнер көрсетті, алайда жартылай финалда Қанаттан ұтылып, содан кейін үшінші орын үшін болған белдесуде де әлсіздік танытты. Нәтижесінде бесінші орын алды.
78 келіге дейінгі салмақта самбо мен белдік күрестен әлем чемпионы Эльмира Самиғоллаева облыс құрамасы қоржынына қола медаль салды. 63 келіге дейінгі салмақта Әнел Сүлейменова бесінші нәтиже көрсетті.
«ЖС» анықтамасы: Құлбаев Рашид Қожахметұлы, 28 жаста, спорт шебері, ҚР чемпионы, дзюдодан Әлем кубогының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан Азия чемпионы, жаттықтырушылық өтілі - 3 жыл, 2014 жылдан бері облыстық жастар құрамасының аға жаттықтырушысы.
ҚР құрамасының жаттықтырушылары ел чемпионатында біріншіден бесінші орын алғандардың барлығына көңіл аударады. Егер алға қарай осы спортшылар халықаралық турнирлерде жақсы өнер көрсетсе, олардың әлем және Азия чемпионаттарына қатысу мүмкіндіктері артады. Міне, сондықтан наурызда Алматыда өткен ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына осы аталған төрт спортшы да шақыртылды.
Қанат немістің Бремен қаласында өткен, бейресми түрде Еуропа кубогы болып есептелетін халықаралық турнирге қатысып, бесінші орын алды. Венада өткен Еуропа кубогында Мұрат бесінші орын алып, осы нәтижені Прагада өткен халықаралық турнирде қайталады, ал Қанат Чехия астанасында қолаға ие болды.
Қыркүйекте Бангкокта өткен Азия чемпионатында Қанат тағы бір қолаға қол жеткізді. Эльмира Самиғоллаева Абу-Дабиде болған әлем чемпионатында бесінші орын алды.
- Алдағы жоспарлаңыз қандай?
- Желтоқсанның аяғында облыс чемпионаты өткізіліп, келесі жылы Өскеменде өтетін Қазақстан чемпионатына қатысатын мықтылар іріктеліп, оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырамыз. Ел чемпионатында жетістікке жеткендерге әлем және Азия чемпионаттары сияқты халықаралық турнирлерге қатысу мүмкіндіктері ашылады.
М. Дошахаев биыл ересектер санатына көшеді. Қанат, Эльмира және Әнел жастар құрамасында қалады. Кадеттерден осы құрамға Айболат Ыстыбай қосылады. Ол қыркүйекте жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанып, облыс тарихында осы мәртебеге жеткен бірінші спортшы атанды. Айболат әлем чемпионатында 50 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Қазір ол көп уақытын зілтемір көтеруге арнап, 10 келі салмақ қосты. Сонымен қатар, біз алдағы Қазақстан чемпионатында Райымбек Ашықбаевтан, Диас Шеркешбаевтан және Айболаттың ағасы Қанат Ыстыбаевтан жақсы өнер көрсететеді деп үміттенеміз. Алдағы чемпионатта жүлдесіз қалмайтынымызға сенімдімін. Осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Жоғарыда аталған спортшылардың барлығы жоғары спорт шеберлігі мектебінің (директоры Аманбай Қыздарбаев) шәкірттері. Жарыстарға бару шығындары мектебіміздің қаржысынан жүзеге асты.
Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ