2006 жылы пайдаланылуға берілген 70 кереуеттік Доссор селолық ауруханасы жақында күрделі жөндеуге жабылды. Мердігер – «Космос» ЖШС.
Құрылыстың сапасыз жүргізілуінен ғимарат іші салқын әрі қабырғалары көгерген, есік-терезелері әлсіз орнатылған.
- Бұрын бұл аурухана аудандық болып есептелетін, ол кезде 70 кереует болған. Ал қазір бұл селолық аурухана 30 кереуеттік болып қысқартылды. Биыл аурухана күрделі жөндеуге жабылды және сол үшін бюджеттен 55 млн теңге бөлінді, - дейді Мақат ауданы ауруханасының бас дәрігері Батырбек ОҢДАСЫНОВ.
Қазанның 1-інде басталған жөндеу жұмыстары осы жылдың аяғына дейін бітуі тиіс. Қазір жұмыстың 30 пайызы атқарылды: жылу жүйесі жаңартылып, су құбыры мен электр желілері ауыстырылды, ғимараттың сырты қапталды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА