Алғашқы қар аққыстаулықтарды әбігерге салды. Поселке іші ми балшық. Аудан орталығының тұрғындары резіңке етіктерін қайтадан кие бастады.
- Қар түскені не керек, тез еріп кетті. Артынша жаңбыр жауып, жер балшыққа айналды, - дейді жергілікті тұрғын Айша.
Шеткі көшелерді айтпағанның өзінде поселке орталығына жиналған жаңбыр суын сорып алуға вакуум машиналарының күші жетпеуде (суретте).
«ҚамысқалаСуАрнасы» ЖШС-нің директоры Жұмақұл ЖАҢБЫРБАЕВТЫҢ айтуынша, бұл жұмыстар адам көп жүретін орталық көшелерде ғана жүргізіліп жатыр.
- Барлық көшені тазарту мүмкін емес. Бұған күшіміз де, техникамыз да жетпейді, - дейді Ж. Жаңбырбаев.
Исатай ауданы әкімінің орынбасары Артур ҚУАНЫШКЕРЕЕВ ауданда жаңбырдан үйлердің суға кету фактілері тіркелмегенін хабарлады.
Аққыстау поселкесінде 40 шақты көше және 38 шақырым жол бар, соның 20 шақырымы асфальтталған.
- Біз Аққыстаудағы жол мәселесі екі жылдан кейін түпкілікті шешіледі деп отырмыз, - дейді Исатай ауданының әкімі Тұрарбек СҰЛТАНБЕКОВ. – Поселкедегі жолды салу және күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Биылғы жылы бірінші кезең бойынша 7 км көшеішілік жол және 5 км тротуар салынып жатыр. Бұған бюджеттен 687 млн теңге жұмсалды. Мердігер «АтырауИнжСтрой» ЖШС жұмысты осы жылғы желтоқсанның аяғына дейін бітіруді көздеп отыр.
Жол салудың екінші кезеңі 2016 жылы (8,5 км), ал үшінші кезеңі 2017 жылы жалғаспақ (9,2 км).
Ләззат ҚАРАЖАНОВА