Түркияда атып құлатылған Ресей ұшағы делінген кадрден көріністер. 24 қараша. 2015 жыл.Ресей Түркия Сириямен шекарада Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсіргеннен соң Сириядағы әуе қорғанысы базасын күшейтеді деп хабарлады Ресей қарулы күштері бас штабының жедел басқармасының басшысы Сергей Рудский. Ол қазір Сирия аумағында құлаған ұшақтың екі ұшқышының бірі алдын ала мәліметтер бойынша әуеде қаза табуы мүмкін екенін айтады. Қазір бір ұшқышты іздеу, құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Ол ұшақ экипажын іздеу операциясына екі Ми-8 әскери тікұшағының бірі "жерден атқыланып, зақымданған соң бейтарап аймаққа қонуға мәжбүр болғанын", бір теңіз жаяу әскері қаза тапқанын да хабарлады. Тікұшақтың тірі қалған ұшқышы қазір Хмеймим ауе базасына жеткізілген.
Рудский Ресейдің әуе қорғанысы базасын күшейту үшін "Форт" әуе шабуылынан қорғаныс жүйесімен жабдықталған "Мәскеу" крейсері Латакия жағалауына жақын ауданға орналасатынын хабарлады. Ол бұған қоса Түркиямен әскери байланыстар тоқтайтынын да ескертті.
24 қарашада Түркия Сириямен шекарада "елдің әуе кеңістігін әлденеше рет бұзған" ресейлік Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсірген. Ресей қорғаныс министрлігі ұшақ "Сирия территориясында әуе базасына қайтып келе жатқанда" түркиялық F-16 жойғыш ұшағы зымыранмен атып түсіргенін мәлімдеген. Түркия қарулы күштерінің бас штабы ұшақ елдің әуе кеңістігін бұзғанын және бірнеше рет жасалған ескертуді елемегенін айтады.
Ресей президенті Владимир Путин Су-24 ұшағын атып түсіруді "ту сыртынан соққы жұмсау" деп атап, оны салдары Ресей-Түркия қарым-қатынасына кәдімгідей әсер ететінін мәлімдеген. Ресей сыртқы істер министрлігі Сергей Лавров Стамбулға жоспарлаған сапарынан және Түркия сыртқы істер министрі Фридун Синирлиоглумен кездесуден бас тартты.
Дереккөз: azattyq.org