Жүздеген адамның өмірін қиған Париждегі лаңкестіктен кейін әлем елдері шекарасын қымтап, босқындарды кіргізбеудің қамына кірісті. Алпауыт АҚШ та ұлттық қауіпсіздікті ойлап, өзге елдерден келетін босқындарды тексеруді біршама қатаңдатпақ. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы көмекшісінің халық саны, босқындар мен миграция мәселелері жөніндегі бірінші орынбасары Саймон Хеншоу мәлім етті, деп хабарлайды Vesti.ru.
«Біз қосымша тексеріс шараларын қолға алдық, алайда бұл құпия. Қауіпсіздік – біз басшылыққа алатын басты мәселе»,- дейді дипломат. Хеншоудың айтуынша, мемлекеттік департамент баспана сұраған әр шетелдіктің жеке мәліметтерін бастан-аяқ тексеріп шығады, тіпті биометрикалық деректер де назардан тыс қалмақ емес.
Оның сөзіне сенсек, егер қандай да бір күмән туса, босқынның өтініші қанағаттандырылмайды және кіру визасы да берілмейді. Аталған бағыттағы жұмысты Түркия мен Иорданияда құрылған Американың босқындар өтінішін қарау жөніндегі орталықтары жүргізетін болады. Таяуда Бейрутта да дәл осындай америкалық орталық ашу көзделіп отыр, деп толықтырды мемхатшы көмекшісінің орынбасары.
Бұған қоса Вашингтон АҚШ-тың өзге мемлекеттердегі дипломатиялық ведомстволарын күзететін теңіз жаяу әскерінің санын арттыруды жоспарлауда. CNN телеарнасында осы мәселе жөнінде сөз қозғаған мемлекеттік департамент баспасөз қызметінің басшысы Джон Кирби әсіресе Париж бен Брюссельдегі, және де басқа да еуропалық қалалардағы АҚШ елшіліктерінде күзет күшейтілетінін атап өтті.
Дереккөз: bnews.kz
20 қараша 2015, 11:03