Фото: Global Look PressНью-Йорк полициясы «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобының «Нью-Йоркте терактілер жасайтыны» туралы интернетте жариялаған видеосымен таныс екенін хабарлады.
Полицияның мәліметінше, экстремистер видеосында көрсетілген бейнелер ескі видеолардан алынған. Дегенмен қаланың түрлі аудандарында қауіпсіздік шарасы жасалып, күзет күшейтілген. «Біз Нью-Йорк террористер үшін басты нысана болып қала беретінін түсінеміз» деп мәлімдеген полиция. Мәлімдемеде Нью-Йоркте қандай да бір нақты теракт жасау туралы мәлімет жоғына қарамастан, полиция АҚШ федералдық тергеу бюросымен және басқа да құқық органдарымен өзара септесіп жұмыс істей беретіні айтылған.
18 қарашада ИМ интернетте жариялаған үгіт-насихат сипатындағы алты минуттық видеоның басым бөлігі Францияға арналған. Видеода Франция президенті Франсуа Олландтың Париждегі терактілерден кейін баспасөз жиында отырған кезінде жарылыс дыбысы естіліп, содырлар Батыс елдеріне шабуылдарын жалғастыра беруге ант етеді.
ИМ таратқан видеода Нью-Йорктегі кейбір танымал жерлер де көрсетілген.
Дереккөз: azattyq.org