Шахмат
Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-де ҚР спорт қайраткері Қожахмет Шамбиловты еске алуға арналған облыстың ашық жеке біріншілігі өтті.
Облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсиннің айтуынша, бұл жолы біріншілік «рапид» номинациясы бойынша өтті, яғни, әр қатысушыға бір партия үшін жарты сағат берілді. Жарысқа Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларынан мықты ойыншылар қатысты. Жеңімпаздар: ардагерлер – Аман Құмаров, ерлер – Жәнібек Аманов, ер балалар – Нұрәділ Жамбыл, қыздар – Айгерім Қазиева (суретте).
Облыстық біріншілік аясында АМУ-дің 3-оқу корпусы (музфак) ғимаратында қалалық шахмат клубының салтанатты ашылуы өтті. Клубқа Қ. Шамбиловтың аты берілді.
Спартакиадалар
Дене тәрбиесін дамыту орталығында «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен мектеп педагогтары арасында спартакиада өтті.
Бірінші орынды Исатай ауданының командасы, 2-орынды Жылыой ауданы, 3-орынды Құрманғазы ауданы мұғалімдері алды. Асқар Тоғаев (волейбол), Күләш Өтеғалиева (үстел теннисі), Гүлнұр Төлеуова (тоғызқұмалақ) үздік қатысушылар атанды.
Теннис
Қалалық спорт бөлімінің қолдауымен «Атырау облысы мүгедектерінің спорттық клубы» КМК-де тірек-қозғалыс аппараттары бұзылған спортшылар арасында үстел теннисінен ашық қала біріншілігі өтті.
Жарысқа Атырау қаласы, Махамбет, Мақат, Қызылқоға, Индер және Жылыой аудандарынан спортшылар қатысты. Мәди Имақов, Махамбет Насихан, Жұлдыз Ерубаева және Татьяна Жакупова жеңімпаз атанды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ