Иттер малға шапты
Қызылқоға ауданы Миялы ауылында бұралқы иттер екі тұрғынның аула-қорасына түсіп, 21 қой-ешкіні жаралап, тоғызын жеп кеткен.
- Ауылда қаңғыбас иттер толып кеткен. Олар малға ғана емес, адамдарға да шабады. Әсіресе, кешке көбейеді. Біз мектептен кешке оралатын балаларымыз үшін қорқамыз, - дейді алаңдаған тұрғындар.
Қызылқоға аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай ЛАТИЕВТЫҢ айтуынша, аудан бойынша 200-ге жуық қаңғыбас ит есепке алынған. Биыл 41 адамды ит қапқан оқиға тіркелді. Күні бүгінге дейін 1 079 ит, 67 мысықтың көзі жойылған.
- Жыл сайын ит-мысықты атуға бюджеттен 800 мың теңге бөлінеді, - дейді С.Латиев. - Бұл шара көктем және күз айларында ұйымдастырылып жүр. Бұрын қорғасын оқпен ататынбыз, қазір дителин деген дәрі салынған инемен дротик арқылы атылады. Үлкен арақашықтықта ит-мысыққа дәл тигізу немесе сұлату қиын. Бірақ біз бәрібір атуды жалғастыра береміз.
*****
Махамбет ауданы
Махамбет ауылындағы О. Шонаев атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Жұмыстың жалпы құны - 85 млн теңге. Мердігер - «ДанСтройБазаЛТД» ЖШС.
Гимназияда уақытша оқыған оқушылар екінші тоқсанды өз мектебінде жалғастырды.
*****
Жылыой ауданы
Құлсары-Атырау және Құлсары-Бейнеу тас жолдарында қысқы кезеңде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында екі жылыту пункті ашылды.
*****
Құлсары қаласындағы 1-ықшамауданда «Таза қала» ПИК-нің кеңсесі ашылды. ПИК тұрғындармен келісімшартқа отыра бастады.
Мұнда апаттық бригада жұмыс жасайды.
*****
Қызылқоға ауданы
Қызылқоға ауданындағы «Арман» мәдениет үйінің жанынан құрылған «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамблі гастрольдік сапармен Түркияға барып келді. Ансамбль Құрманғазының күйлері мен жергілікті күйші Бауыржан АҚТАЕВТЫҢ «Туған өлкем - Қызылқоға» күйін орындады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА