Атырау, 8 қазан 21:51
 бұлттыВ Атырау +14
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Қараша. Шаруалар мерекесі

3 037 просмотра

Қызылқоға ауданының Миялы ауылында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні тойланды.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өнімдер төмен бағамен сатылды. Мерекелік шара концерттік бағдарламалар мен спорттық жарыстарға ұласты.

Қызылқоға ауданында 179 шаруа қожалығы, 1 өндірістік кооператив, 6 ЖШС, 2 агрофирма жұмыс жасайды. Аудан бойынша 30 584 ірі қара, 126 953 қой-ешкі, 10 496 жылқы, 1 475 түйе бар. Өткен жылмен салыстырғанда жылқы саны 30 пайызға өскен.

7 724 тонна ет, 10 550 тонна сүт өнімдері өндірілген. Бұрын асыл тұқымды мал өсірумен бес шаруа қожалығы айналысса, қазір тек «Жасқайрат» ЖШС айналысады. Биыл мал тұқымын асылдандыру бағытында 132 бас қошқар мен 22 жылқы сатып алынды. Селекциялық жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.

Өткен жылмен салыстырғанда бруцеллезге бейімділік ірі қара малы арасында 1,4 пайызға артса, қой-ешкі саны 0,1 пайызға, түйе 3,2 пайызға төмендеген.

- Біз «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес жайылымдық жерлерді игеруді жоспарлап отырмыз. Төрт түлік малдарды шахталы, кольцалық құдықтар қазылған арнайы жайылымдық жерге жаямыз, - дейді Қызылқоға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали БАЗАРБАЕВ.

Биыл Ойыл өзені бойында орналасқан Миялы, Ойыл, Көздіқара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға, Тайсойған ауылдық округтеріне қарасты көлдік, шабындық болар 4 054 га жерге су шығарылған.

Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот МҰҚАНОВ барлық ауыл шаруашылығы қызметкерлерін құттықтап, «озат шопан» номинациясымен «Тасшағыл» ӨК бақташысы Рауан СӘРСЕНОВТЫ, «озат бақташы» номинациясымен «ЖК Қуаныш» бақташысы Асхат ОРАЛБАЕВТЫ, «озат жылқышы» номинациясымен «Құлкеш» ШҚ жылқышысы Жәнібек АЙЫПҚАЛИЕВТЫ, «озат түйеші» номинациясымен «Азамат» ШҚ түйешісі Мұхтар ДАЙЫНБЕТОВТЫ, «озат бағбан» номинациясымен Марат ТӨЛЕУОВТЫ, «озат механизатор» номинациясымен «Қызылқоға» МТС механизаторы Кемелхан БОҚБАЕВТЫ марапаттады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

19 қараша 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.