16 қарашада облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXXIX сессиясы өтті.
Облыс бюджетіндегі өзгерістер туралы облыс әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА баяндама жасады.
Оның айтуынша, тендерлердегі жобалар құнының төмендеуі және бірқатар жобалардың (Бірлік поселкесіндегі 280 орындық балабақша, Құлсары қаласындағы №15 мектептің спорт залы, Махамбет ауданының Жалғансай ауылындағы 300 орындық мектеп, Исатай адуанының Жанбай ауылындағы Мәдениет үйі, Нұрсая ықшамауданындағы теннис корты, Индер ауданындағы кәріздік тазарту құрылғысының құрылысы) жүзеге асырылуын келер жылға кейінге қалдыру есебінен - 2 млрд теңгеден астам қаржыны қарастыру мүмкін болды. Бұл қаржылар, атап айтқанда, коммуналдық базар құрылысын аяқтауға - 212,6 млн теңге (жалпы құны 1 млрд 177,6 млн), 11 мектептегі асхана құрылысына – 224,4 млн теңге (жалпы құны 993 млн), Нұрсая-3 ықшамауданына коммуникациялар жүргізуді аяқтауға – 99,9 млн теңге (жалпы құны – 249,9 млн), 240 пәтерлі үйдің құрылысына – 300 млн теңге (жалпы құны 1 млрд 644,9 млн) жұмсалатын болады.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат ЖОЛАЕВТЫҢ баяндамасынан: Ақжайық ауылында 200 кісілік Мәдениет үйі, Исатай ауданының Аққыстау ауылында 400 кісілік Мәдениет үйі салынды. Индер ауданында төрт Мәдениет үйінің құрылысы басталды. Осындай тоғыз нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде: Құрманғазы ауданының Дәшін ауылында, Қызылқоға ауданының Қарабау және Мұқыр ауылдарында, Махамбет ауданының Береке ауылында, Исатай ауданының Жанбай ауылында, Атырау қаласының Жұмыскер, Ақжар, Еркінқала және Жаңаталап поселкелерінде.
Облыстық мәслихаттың шешімімен 69 жастағы Нұрпейіс МАХАШЕВҚА Атырау облысының құрметті азаматы атағы берілді. Н. Махашев 1992-1993 жылдары қала әкімшілігін басқарды. 1999-2001 жылдары облыс әкімінің орынбасары болды, ірі кәсіпорынға басшы болды. Атырау қаласының, Исатай, Мақат және Жылыой аудандарының құрметті азаматы.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ