Атыраудағы №1 олимпиадалық резервтің БЖСМ базасында және Мұнай және газ институтында таэквандо жаттықтырушыларының біліктілігін арттыру бойынша республикалық семинар өтті. Біз осыны пайдаланып, ҚР құрамасы жаттықтырушыларына сұрақтар қойдық.
Ю Енг, құраманың бас бапкері (суретте):
- Қанша олимпиадалық жолдама аламыз деп жоспарлап отырсыздар?
- Үшеу деп жоспарлап отырмыз. Екеуін сөзсіз аламыз деп ойлаймын.
- Кімдерге үміт артып отырсыздар?
- Фаворитіміз - 58 келіге дейін салмақта өнер көрсететін Нұрсұлтан Мамаев. Ол Гран-при сериясы турнирінің, Бүкіләлемдік Универсиаданың және Бүкіләлемдік армия ойындарының жеңімпазы. 80 келіден жоғары салмақта (бұрын Арман Шілмановтың өнер көрсеткен салмағы) Руслан Жапаров та қапы қалмауы керек. Түркиядан Қазақстанға көшіп келген спортшы Жансәуле Денизге үлкен үміт артып отырмыз. Cондай-ақ, өткен Олимпиадаға дайындалған Фариза Алдоңғарова да бар, ол өте тәжірибелі спортшы.
- Атыраулық спортшылардың дайындық сапасын қалай бағалайсыз?
- Бұрын Атырауда өте мықты спортшылар көп болды: Арман Шілманов, Лия Нұркина, Сәуле Сардарова және басқалар. Олар спортпен қош айтысты, енді жаңа ұрпақ өсіру қажет. Кезінде жасындай жарқылдаған спортшылар енді өздерін басқа қырынан - өздерінің орнын басатын ұл-қыздарды тәрбиелеуі керек.
Республикалық дене тәрбиесі және спорт оқу-әдістемелік орталығының директоры Ардақ ТӨЛЕНДИН:
- Біздің мақсатымыз – жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, түрлі спорт түрінен ел құрамаларына аналитикалық көмек көрсету. Семинар жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жаттықтырушылар теориядан Мұнай және газ институты базасында өтсе, практикалық сабақтар БЖСМ-де болып жатыр. Атап айтсақ, жаттықтырушыларға ҚР құрамасының бұрынғы бас бапкері Сұлтан Шоқпытов дәріс оқып жатыр.
ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Мұстахим ҚАБДЫРАШЕВ:
- Қараша айының аяғында Ақтөбеде ҚР таэквандо федерациясының кубогы белгіленген. Бұл турнир ел чемпионаты ретінде өтіп, құрамаға мықты спортшылар іріктеледі. Олимпиадалық лицензиялық турнирлерде Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар анықталады. Нұрсұлтан Мамаев, Жансәуле Дениз, Фариза Алдоңғарова, Фируза Ергешеваға сенім артып отырмыз. Азиялық іріктеу турнирлеріне 80 келіден жоғары салмақта Руслан Жапаров немесе Смайыл Дүйсебаев қатысады. Іріктеу кезінде басқа адамдар да топ жаруы мүмкін. Бұл спорт, мұнда бәрі болады.
Қазір қатар жұмыс жасап жатқан екі ҚР құрамасы бар. Біреуін француз жаттықтырушысы Филипп Пинетт басқарса, екіншісін Ю Енг жаттықтырады. Үздікті Олимпиада көрсетеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА