АҚШ президенті Барак Обама Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп отыр. Анталия, 15 қараша 2015 жыл.Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Барак Обама Анталияда өтіп жатқан "Үлкен жиырмалық" (G20) елдері саммиті арасында бейресми түрде кездесті.
Ақ үйдің хабарлауынша, 15 қарашада өткен кездесуде Сириядағы қақтығысты шешу жайы талқыланған. Обама мен Путин 14 қарашада Венада Сириядағы қақтығысты шешуге қатысты өткен халықаралық кеңестің маңызды екенін айтқан. Екі президент те Сирияда қақтығыс тоқтап, БҰҰ арағайындығымен соғысушы тараптар арасында келіссөз басталуы тиіс екеніне келіскен. Кездесуге АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Сьюзан Райс және аудармашы қатысқан.
G20 саммиті Белек қаласында, Парижде 129 адам қаза тапқан террорлық шабуылдардан екі күннен соң өтіп отыр. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның сөзінше, әлем елдерінің жетекшілері Париждегі шабуылдарға байланысты бірлескен мәлімдеме жасайды. 13 қараша күні түнде болған Париждегі шабуылдарға жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алған.
Дереккөз: azattyq.org