Атырау, 8 қазан 19:11
 бұлттыВ Атырау +14
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Алаяқ аңқаулардан ақша мен «дуа» алған

4 289 просмотра

№2 қалалық сот ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-тармағы 2-тармақшасында қаралған («Бірнеше рет жасалған алаяқтық») қылмыс жасады деп айыпталған Атырау қаласының 27 жастағы тұрғын әйеліне үкім шығарды.

Бұл туралы облыстық прокуратураның сот актілерінің заңдылығын қадағалау жөніндегі басқармасы хабарлады. А. бұрын ҚР ҚК-нің 179-бабы («Қарақшылық») бойынша сотталған, сол кезде 5 жыл шартты мерзімге кесілген еді. Ал осыдан кейін алаяқтықпен айналысқан. Бөгде адамның мүлігіне ие болу үшін А. азық-түлік дүкенінің сатушысы К.-мен кездесіп, өзін Құран сүрелерімен адамдарды емдейтін бақсымын деп таныстырады.

Алдын ала «барлау» жүргізіп алған алаяқ К.-ге анасының асқазаны ауыратынын, баласының да дерті бар екенін айтады. Мұны күтпеген әйел оның тылсым күші бар екеніне сенеді.

«Бақсы» оның отбасына салынған «дуаны» 37 мыңға алуға келіседі. Аңқау әйел қарызға ақша алып, айтқан сомасын қолына салады. Бір ай өткеннен кейін А. сатушымен тағы кездесіп, оның үйінде тағы үш жерге «дуа» салынғаны туралы бақилық болған аталарының аян бергенін айтады. Егер оны алмаса, балаң мүгедек болып қалады-мыс. Енді К. орамалға 21 қойдың құнындай болатын ақша салуы керек болады. Әр қой 37 мың теңгеге бағаланды.

К. алаяққа 777 мың теңге табуға сөз береді. Кешке ол күйеуін бизнес ашуға банктен алып берген ақшасын қайтаруға көндіреді.

А. мұнымен қоса, М. есімді таныс сатушысын да «арбай» бастайды. Ол әйелді балаңа көз тигендіктен көп жылай береді деп алдап, 46 мың теңге төлесе, емдеп беремін деп уәде береді. М. да еш ойланбастан ақшаны санап әкеліп береді.

«Дуа» алу рәсімін К.-нің үйінде өткізеді. «Бақсы» 777 мың теңгені өзі алмайтынын, барлық ақша К.-нің өзінде қалатынын қайталаумен болады, бұл сөз әйелді одан сайын сендіре түсті. Алаяқ ақшаны бір парақ қағазға орап, сыртына төте жазуға ұқсас түсінік әріптермен дуа жазады. Құранды ашып, оңға-солға парақтап, күбірлеп бірдеңе оқыды. Содан кейін қағазға оралған ақшаны орамалға бүктеп, К.-нің арқасына байлап, былай дейді: «Бүгін түнде сен түсіңде үйіңдегі «дуа» салынған жерлерді көресің. Ал таңертең орамалды ашып, ақшаңды аласың».

Алайда К. келесі күннің таңын күткен жоқ. Кешке жұмыстан келіп, орамалды ашты. Ал оның ішінен ақша сияқты кескен газет кесінділерін тапты. К. өзінің аңқаулығынан алданғанын түсініп, полицияға шағымданды.

Сот А.-ны 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, мүлігін тәркілеуге үкім шығарды. Сондай-ақ, К. мен М.-нің материалдық шығындарды өтеу туралы талап-арыздары да қанағаттандырылды. Ал сотталушы өз кінәсін бәрібір мойындамады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

13 қараша 2015, 17:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.