Түркияның оңтүстік-шығысындағы Сильван қаласының шамамен 10 мың тұрғыны баспаналарын тастап, бас сауғалауға мәжбүр. Оған соңғы уақытта күштік құрылымдар мен «Күрдістанның жұмысшы партиясы» содырларының арасында толастамай тұрған қарулы қақтығыстар себеп болған.
Лаңкестікке қарсы операция жүргізіліп жатқан шаһарда қазір комменданттық сағат жарияланды. Күні бұрын мұнда текетірес салдарынан 7 адам көз жұмған. Жағдай оңалмаса, алдағы уақытта шаһарда азық-түлік пен су тапшылығы байқалуы мүмкін деген қауіп бар. Жалпы Түркиядағы жағдай 20 шілдедегі лаңкестік әрекеттен кейін қатты ушығып кетті. Оқыс оқиға кезінде көз жұмғандардың дені күрдтер еді. Осыдан кейін «Күрдістанның жұмысшы партиясы» содырларының күштік құрылымдарға қарсы шабуылы жиілеп кеткен.
Дереккөз/фото: 24.kz