Астанада кикбоксингтен Қазақстан кубогы өтті. Атырау облысы федерациясының қоржынында үш алтын, үш күміс, бір қола медаль мен командалық үшінші орын бар.
Облысымыздың намысын он спортшы қорғап, олардың алтауы финалға шықты, бұл – керемет нәтиже. Аға жаттықтырушы Қайрат Смағұловтың айтуынша, 51 келіге дейінгі салмақта үздік атанған атыраулық жас спортшы Жанәлі Сәлімгерейдің жеңісі сенсация болды. 57 келіге дейінгі салмақта Жандос Назарбеков барлық айқастарында жеңіске жетіп, алғашқы алтын жүлдесіне қол жеткізді. 60 келіге дейінгі салмақта Кубокты, күткеніміздей, әлемдік WAKO рейтингінде фулл-контакт бөлімінде бірінші нөмірлі спортшы, әуесқойлар арасында әлем чемпионы, кәсіпқойлар арасында Азия чемпионы Абзал Дүсіпов (суретте) алды.
– Әрине, бүгінде Абзалға тең ешкім жоқ. Алайда жеңіл жеңіс болмайтынын, оның рингтегі жеңістерінің артында ауыр жаттығулар тұрғанын атап өткім келеді, – дейді облыстық кикбоксинг федерациясының директоры Ерік БОТАХАНОВ.
Атырау облыстық кикбоксинг федерациясы Атырау облыстық ЖСШМ бастығы Аманбай Қыздарбаевқа және өзінің президенті Медет Серікбаевқа сапарды ұйымдастыруға көмектескендері үшін алғыс айтады.
Анастасия ПАСТУХОВА