Волейбол
Волейболдан ҚР Суперкубогы үшін болған матчта «Тараз» «Атырауды» жеңді.
«Тараз» матчқа ел чемпионы ретінде қатысса, «Атырау» Кубок иегері ретінде ойнады. Кездесу 3:2 есебімен «Тараздың» пайдасына шешілді.
Карате
Көкшетауда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған балалар, кадеттер, жасөспірімдер және ересектер арасында спорттық WKC-каратеден Қазақстан біріншілігі өтті.
Атыраудың намысын «Жолбарыс» спорт клубы (басшысы – ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерікқали Қойшекенов) қорғады. Ақжан Қапанова, Бекзат Сайынов, Абат Әмірханов және Жәңгірхан Амангелді түрлі бөлімдерде жүлде алды. Сонымен қатар, А. Әмірханов «Жеңіске деген жігері үшін», Б. Сайынов «Үздік техникасы үшін» арнайы сыйлықтарына ие болды.
WKC-карате федерациясының басшылығы қолдау көрсеткені үшін облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Н. Ермұхановқа, ата-аналар комитетіне, №1 мектеп директоры Ж. Атшыбаевқа, №22 мектеп директоры С. Хабибуллинаға, №27 мектеп директоры А. Қосымбаевқа алғыс айтады.
Футбол
Швейцарияның Ньон қаласындағы УЕФА штаб-пәтерінде жас және болашағы бар төрешілерге арналған УЕФА курсы өтті.
Сол жерде қазақстандық футбол төрешілері де, соның ішінде атыраулық Сергей Калачев та болды. Олар теориялық және физикалық дайындықтан өтіп, ағылшын тілі бойынша емтихан тапсырды. Болашақта Калачев халықаралық сертификат алып, еурокубоктық матчтарға төрелік ете алады.
Бүгінде Атырауда төреші көмекшісінің халықаралық сертификаты Анатолий Ходинде бар. Өткен жылы құрамында А. Ходин бар қазақстандық төрешілер бригадасы алғаш рет Еуропа Лигасы матчына қазылық етті.
Таэквондо
Алматыда ересектер мен жасспірімдер арасында таэквондодан «Kazakhstan Open-2015» халықаралық турнирі аяқталды.
Турнир әлемнің 30 елінен 400-ден аса спортшы жинады. Жеңімпаздарға Олимпиадалық ойындар жолдамасына арналған рейтингтік балл берілуі жарыстың мәртебесін көтерді.
Атыраудың намысын жоғары спорт шеберлігі мектебі (ЖСШМ) шәкірттері қорғады. Жасөспірімдер санатында Сағадат Жолдасбаев (59 келіге дейін) пен Айдана Еділбаева (42 келіге дейін) «күміс», Алмас Меллатов (63 келіге дейін) «қола» жүлде алды. ҚР әйелдер құрамасы сапында Айгүл Елубай 73 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда мексикалық олимпиада чемпионынан ұтылып, «қолаға» қол жеткізді. Спортшыларды облыс құрамасының жаттықтырушылары Батырбек Есдәулетов пен Сәуле Сардарова дайындады.
Жүгіру
2015 жылғы 25 қазанда Волгоградтағы Мамай қорғанында Сталинград түбінде кеңес әскерінің қарсы шабуылға шыққанын еске алуға арналған 1 300 метр, 2 және 5 шақырым қашықтыққа жеңілатлетикалық кросс өтті.
Атыраудан бұл жарысқа мұнай және газ институтының профессоры Асқар Қазиев барды. Ол 50-59 жас ерекшелік тобында жүгіріп, 5 шақырым қашықтықта үшінші болып келді.
Муай-тай
3-БЖСМ-де Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған муай-тайдан ашық облыс чемпионаты өтті.
Өз салмақ дәрежелерінде келесілер жеңімпаз атанды: Диас Исмағұлов, Арсен Маратұлы, Ернар Түгелбай, Ердос Дәулет, Амангелді Есенгелдиев, Тамерлан Тажияқов, Санжар Бөлекбаев, Нұр Ануаров, Диас Арғынов, Талғат Саламатұлы, Артур Сабырұлы, Әли Мұратов, Әбілхайыр Мұхтаров, Қараман Руслан, Мұхамедәли Мақсот, Дархан Жәнібек, Еркебұлан Асқарұлы, Еламан Өтегенов, Оразалы Серікқали, Айбек Ақылбеков, Абзал Дәрімбаев, Құрмет Марғұлан, Айбек Ақылбеков, Жасұлан Төлегенов, Әсет Базаров, Мұханжан Бауырбек, Жұмабек Тілекбаев және Темірғали Өтемісов.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор