Атырау, 18 желтоқсан 20:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

Б. Ізмұхамбетов: «Итальяндықтар жамылғылардың алғашқы партиясына тапсырыс беріп қойды»

4 120 просмотра

10 қарашада Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.

Ол алдымен құны 2,4 млрд теңге тұратын және жоспар бойынша жылына 100 тонна түйе жүні мен 350 тонна қой жүнін өндіретін «Caspiy Lana Atyrau» фабрикасын аралады. Фабриканың меншік иесі болып «Атырау (49%)» ӘКК және кәсіпкер С.Балжігітов табылады.

– Бүгінде кешен құрылысы 70 пайызға, Италиядан шығарылған жабдықтарды монтаждау 80 пайызға аяқталды. Желтоқсанда нысан пайдалануға берілетін болады. Бастапқы кезде фабрика жүн көрпе мен жамылғылар шығарады. Ол ең алдымен облыстың бюджеттік мекемелерін қамтамасыз етпек. Бұл жерде 100-ден астам жұмыс орны ашылатын болады, - деп әңгімеледі «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС директорының орынбасары Ерболат БЕКЕНОВ.

Әкім фабрика өнімдерінің бәсекеге қабілетті болатындығына сенімді. Оның айтуынша, алғашқы тапсырысты итальяндықтардың өздері жасаған. Жамылғылардың алғашқы партиясын өздеріне тиеп жіберуді өтініпті.

– Бұл облыста түйе шаруашылығы дамитын болды деген сөз бе?

- Облыста түйе басы көбеюде. Қазір 30 мыңдай түйе бар. Бұдан басқа, Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстары жүн жеткізуге уәде беріп отыр. Маңғыстау облысында 70 мыңдай түйе бар. Бірақ негізінен бұлар дромедарлар, яғни, бір өркешті түйелер. Олардың жүні аз болады, ал бізге қос өркешті – бактриандар керек. Олардың жүні қалың. Әрі ақ түстілері керек. Қазір облысымызда ақ бактриандардың санын көбейтуді ойластырып жатырмыз, - деді әкім.

Содан соң ол Береке поселкесіндегі «Lumpan Caspian Pharmaceuticals LLP» фармацевтикалық зауытының құрылыс алаңына барды. Нысан құны – 3,7 млрд теңге. Зауыттың орталық блогы 2016 жылдың қаңтарында тапсырылуы тиіс. Бірақ құрылысшылар жобалауға қатысты кешеуілдеу салдарынан тапсыру уақыты кейінге шегерілетіндігін мойындады. Қазір нысанда іргетас құю жұмыстары жүріп жатыр.

Зауыттың бас директорының орынбасары Искандер МИРЗОЕВ бұл кеңестік дәуірден кейінгі ірі фармацевтикалық мекемелердің бірі болатынын хабарлады. Ол тек Қазақстанға ғана емес, шетелдерге де қызмет ететін болады.

– Нарық дәрі-дәрмекке толы, қалай бәсекелес бола аласыздар?

Б. Ізмұхамбетов:

– Зауытымыздағы өнімдердің өзіндік құны төмен болады, ал сапасы жоғары болмақ. Сондықтан біз бәсекелестікке төтеп бере аламыз. Мен осы зауытта жұмыс жасау үшін қазақстандық мамандар дайындау керектігі туралы тапсырма бердім. Бұл жерде 400-ге дейін адам жұмыс істейтін болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

12 қараша 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.